©
Халықтың мұң-мұқтажы, жоқ-жітігінен, түйіткілді мәселелер мен ел бірлігіне іріткі салар алауыздықтың себеп-салдарынан, пәтуалы сөзге ұйыған қоғам арасына жік түсірер кертартпа пиғылды іс-әрекеттер мен ұлт қауіпсіздігіне нұқсан келтірер сын-қатерлерден әркез құлағдар, әрі ел арасында орын алған олқылық, қауіп-қатер, кем-кетікті билік құлағына дер кезінде жеткізіп, дұрыс шешім қабылдауына ортақтасу Қоғамдық кеңес қызметінің басты міндеті деп білеміз. Маңғыстау өңірінде Қоғамдық кеңестің құрылғанына бір-ақ жылдың жүзі толды. Кеңес құрамына жергілікті атқарушы орган өкілдері, ел ағалары, елеулі еңбек адамдары, зиялы қауым өкілдері, белгілі журналистер, үкіметтік емес сектор өкілдері кірді. Күні бүгінге дейін Қоғамдық кеңес қызметі бір ізге түсіп, жүйеленіп, мақсат-міндеттері айқындалып, жоспары жасақталды. Бір жылдың ішінде салмақты ұсыныстар айтылып, өзекті мәселелер ортаға салынды. Дегенмен Қоғамдық кеңес пен халық арасындағы байланысты бекіте түсу, Кеңес мүшелерінің беделі мен әлеуетін арттыру, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру тетіктерін жандандыра түсу қажеттілігі байқалады. Биыл құрылған «Азамат дауысы» үкіметтік емес мекемесі мәселе мәнісіне терең бойлап, Қоғамдық кеңес қызметін жетілдіруге жұмыстанбақ. «Қазіргі таңда Қоғамдың кеңес қызметінің жұмысын жетілдіру бағытында көптеген ұсыныс-пікірлер айтылып жатыр. Жұмыс жасау механизмдерінде өзгеріс енгізер, толықтырар тұстары бар. Кеңес қызметін жетілдіруге ықпал ететін жаңа жоба Ішкі саясат басқармасының қолдауымен қолға алынған маңызды жұмыстың бірі»,- дейді Қоғамдық Кеңес мүшесі Жақсыгүл Шахзадақызы. «Былтырғы қорытындыларға сүйенсек, қазіргі таңда 128-дей мүшесі бар 8 Қоғамдық кеңес құрылған екен.Олар өз деңгейіне сәйкес жұмыс атқарған. Өткен жылдың кейбір қорытындылары Қоғамдық кеңестің өз әлеуетін толық пайдалануда, қызметін жетік ұйымдастыруда мүмкіндігін пайдалана алмағандығына дәлел болмақ. Сондықтан облыстық Ішкі саясат басқармасының «Маңғыстау облысының Қоғамдық кеңес мүшелерінің әлеуетін көтеру арқылы қоғамдық бақылауды дамыту» мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысын іске асыру міндеті біздің мекемеге түсті. Ендігі кезекте «Азамат дауысы» мекемесі алдына Қоғамдық кеңестің екі деңгейдегі өкілдерімен оқу-семинар, жаттығу-тренингтер өткізу міндеттерін қойып отыр. «100 нақты қадам- Ұлт жоспарының» жүзеге асырылуы, Елбасы Жолдауын насихаттау, Сонымен қатар ҚР «Қоғамдық Кеңестер туралы» заңының жүзеге асыру тиімділігін арттыру мақсатындағы жоба аясында аудандық және қалалық 7 қоғамдық Кеңестің мүшелерінің біліктілігін арттыру, кеңестердің отырыстарына қатысу арқылы және олардың жергілікті тұрғындармен қарым-қатынасына мониторинг жүргізу бойынша іс-шаралар жоспарланып отыр. Қоғамдық кеңестердің атқарып отырған жұмысы бойынша облыс тұрғындарын ақпараттандыру әлі де болса өз деңгейінде емес. Жобаның басты мақсаты осы Қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру үшін ұсынымдар дайындау болып табылады»,-дейді «Азамат дауысы» үкіметтік емес мекеме басшысы Ғалия Тұрарқызы.Голрох Жеменей