Мұнайлы ауданы тағы бір игі шараға мұрындық болды. Халқымыздың ұранына айналған "Әр қазақ - менің жалғызым" тіркесін елдің аузына салып берген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, еліміздің біртуар ұлдарының бірі - Сабыр Адайға арналған әдеби-сазды кеш ұйымдастырды. Көрерменнің зор ықыласына бөленген кеш "Қазақстан - жалғыз ұлы қазақтың" тақырыбымен, №11 мектеп ұжымының ұйытқы болуымен, ауданның 10 жылдық мерейтойына орайластырылған іс-шаралар аясында өтті.
Көңілді басқосуға жыр тұлпарын ерттеп мінген айтулы ақынның құрметіне облыстық тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасының басшысы Гүлзайда Төлеуғалиева, ішкі саясат басқармасы басшысы Звира Есбергенова, білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова, аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты. Аудан тұрғындары, ақынның әдебиет пен өмірдегі үзеңгілестері, өскелең ұрпақ, бәрі жиылды. Өнер қайраткерінен күйшілік дәстүрінен тәлім алған шәкірттері өз шәкірттерімен "Шашу" күйінен шашу шашты. Ұстаздар мен оқушылар өлең жолдарын оқыды, өнерлі жастар ән айтып, би биледі. Қызылтөбе мәдениет үйінің өнерпаздары қаламгердің қаламынан шыққан он сегіз мың ғалам және ксенофобия дертін сахналады. Театрландырылған көрініс залдағыларды ерекше әсерге бөлеп, еріксіз ойға баурады.
Сабыр Шеркешбайұлына аудан жұртшылығы атынан жүрекжардысын арнаған Нұрлан Төлегенұлы өз сөзінде "Бұқар, Дулат, Шортанбай, Мұрат сынды ақын-жырауларымыздың Абыл, Мұрын, Қашағандардың бұл күндегі заңды жалғасындай болып табылатын Сабыр Адай өлеңдері Отанын сүйуге, намысты, рухты болуға үндейді",-деп, естелік сыйлығын табыстады. Сондай-ақ облыстық тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасының басшысы Гүлзайда Төлеуғалиева, ақын, ардагер журналист Темір Мыңжас, дәрігер, қоғамтанушы ғалым Сүлеймен Бердаулетов игі тілектерін айтты.
Әдеби-сазды кездесу соңында С.Адай өз оқырмандарына, кешке атсалысушылар мен қонақтарына деген ризашылығын әлі қағазға түсіріп, сиясы кебуге де үлгермеген сужаңа шығармасымен білдірді. Жас ұрпақтың болашағына азық болар ақыл-кеңесін беріп, өмір құндылықтарының қадіріне жетуге үндеді. Мектем әкімшілігіне соңғы жылдары жазған 800-ге жуық өлеңі жинақталған топтаманы тарту етті.
Шахида Жұман