©
Еңбекке ерте араласып, сол салада өзінің бірізділігі мен бір байыпты кейіпімен көпке ұнай кететін жандар да кездесіп тұратынын өмірде көріп жүреміз. Әңгіме өмірін өз балаларына ғана емес, өзгенің де балаларына арнап келе жатқан жан – Раушан Тұрғанбайқызы туралы. 29 жылға жуық адал еңбектің дәмін татып, ата-ананың алғысын алған жан бүгінде балабақша тәрбиешілерінің ішіндегі ең тәжірибелісі. Мінезге бай Раушан апайдың тобына баласы баруы Ақкетіктің «Айгөлек» балабақшасына бала берген әр ата-ананың қалауы десек артық айтқандығымыз емес. «Айгөлек» ұжымының басшылығы да бұл бағаның бәсін біліп, ата-аналардың бұл тілегімен санаса Раушан апайды балабақша табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерге арналған ең кішкентайлар тобына тәрбиеші етіп бекіткен. Үнемі жайдарлы жүзі, байсалды мінезінің өзі баланы ғана еркелеуге емес, ересектерге де еркелеуге рұқсат етіп тұратындай. Бүгінде ауданда белді қызметте жүрген бірнеше мамандар дәл осы жанның аялы алақанына басын сипатып, тәлімін алған. Шәкірттерінің бірі мұғалім, бірі өзі секілді тәрбиеші, бірі мұнайшы, бірі дәрігер, бірі журналист, бірі қаржыгер. Өзі тәрбиелеген сол шәкірттерінің балаларын бүгінде балабақшада тәрбиелеп отырған ардақты тәрбиеші өз мамандығынан да, шуы көп әр үйдің еркесінен де жалықпаған. 51 жасқа келсе де бір бала шуынан безіп, қызметінен қажыған кезі болмапты.Тәрбие басы анадан кейін алғашқы тәрбиешіге байланысты болады. Тәрбиеші мамандығына жанымен берілген жан кім десе, Ақкетікте сөзсіз осы кісіні атайтындар жетіп артылады.
Мектептен кейін мамандық таңдағанда Раушан Тұрғанбайқызы ұстаз болуды ұйғарып, 1985 жылы Гурьев Педогогикалық Училищесіне оқуға түседі. Ол кезде ең беделді, ең білімді деген жандар ұстаздықты таңдайтынын бүгінде естіп жатамыз. Бастауыштың мұғалімі болып шыққан жас маман қазіргі Атырау Педучилищесін бітіре салып, өз ауылына оралады. Бүгінде Есбол Өмірбаев орта мектебі болып аталатын білім шаңырағында 3 ай тәжірибеден өтіп, 3- сыныпқа сабақ берген. Алайда, 1988 жылы оқуды бітіріп келгеннен кейін мұғалімнің жеткілікті болуына байланысты, Қызылөзен ауылының балабақшасына тәрбиеші тапшылығына байланысты тәрбиеші етіп жіберіледі. Екі жылдай еңбек еткен еңбектегі жанның еңбекқорлығы бірден бағаланады. Ауданда жаңадан бой көтеріп,1990 енді ғана ашылған жаңа «Құлыншақ» балабақшасына тәжірибесі де білімі де бар қызметкерлер іздестіріледі. Осы тұста жаңа ашылған жас балабақша қызметін, бала тәрбиесі деген үлкен жауапты жұмысты мойнына алып, мамандығын сүйген жан осы ұжымнан табылады.
«Құлыншақ» балабақшасының ашылуынан бері Раушан апай осы күнге дейін тәрбиеші қызметінде. Оның ойынша, мектеп мұғалімі мен тәрбиеші арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Барлығы бірдей. Тек қана мектепте баланы оқуға, білімге үйретсе, балабақшада отырып-тұрғызу, қасық ұстау сияқты жұмыстармен қоса балаға әріпті де үйретіп, бастапқы білім нәрін құяды. Жұмыс саласында мол тәжірибе жинаған Раушан апай бала психологиясын өте жақсы түсінеді. Алғашында ол кісі туралы мәлімет жинақтаған болатынмын, сонда сұраған да, кездескен де жандардың барлығы бір ауыздан : «Раушан апайдан бала ешқашан жыламайды» - деген болатын. Оның мәнісі жалпы түсінікті болғанмен, апайдың өзінен сұрап көрген едім: «Балаға ұрысқан сайын, ол бала қысылып, сені тыңдамай, сөзіне еті үйренгеннан кейін мүлде сөзге құлақ аспауы мүмкін. Мен өз балаларыма мүлде ұрыспаймын. Барлығын көзбен түсіндіремін. Олар да жақсы біледі, сондықтан да артық тентектік жасамауға тырысады». Осындай алтын апайдың тәрбиесін көрген балалар қандай болып өседі деп ойлайсыздар? Мен олардың кешкі астарын ішу кезінде келген едім. Апайдың тілін алып, барлығы үн-түнсіз орындықтарын алып, үстелге жайғасты. Апайға «Рақметтерін» айтуды да ұмытпады. Бұл қылықтарына да бір сәт сүйсініп, өзімнің балалығымды елестеттім.
Ата-ана әрі әріптесі Жемісхан Дүйсенова: «Раушан апай – өте жақсы адам. Адамдармен қарым-қатынасы жайлы, түсіндіретін жерінде жақсылап тұрып түсіндіреді, ақылын айтады, бірақ ешқашан ұрыспайды. Тәрбие көргендігі, ұл-қыздарымызға да сол тәрбие нәрін құятыны жаныма қатты ұнайды. Қызым Нұрай апайдың тәрбиесін көргеннен кейін, өте жақсы жақтарға өзгерді. Өзіңе тән жаңа қасиеттерін ашқан болатын. Қазіргі кезде Жалау Мыңбаев атындағы мектеп-гимназиясының 3-сынып оқушысы. Апайға алғысым шексіз. Жұмыстан қолым босамаған кездерде ана орнына ана бола білді десем қателеспеймін»,- деп ықыласын білдірген болатын. Ондай жандар біздің ауданда аз емес.
Раушан апай қазіргі ата-аналардың бұрынғыларға қарағанда айырмашылы көп дейді. - Қазір заман өзгерді ме әлде адамдар өзгерді ме, білмеймін, бірақ бұрынғымен салыстырғанда, қазіргі ата – аналар сезімге берілгіш болып келеді. Балалары үшін күйіп – пісіп тұрған әрине жақсы, алайда кейде шектен шығып кетіп жатады. Ондай жағдай да жақсылап түсіндіруге тырысамын. Сонымен қоса ата-аналарға айтарым, кішкентай бөбектерге ұялы телефон бермеңіздер. Берсеңіздер де, белгілі бір шек қойсаңыздар. Ұялы телефон баланың психологиясына кері әсерін тигізеді.
Апайдың әңгімесі қызықтырады екен, үндемей тыңдап отыра бересің. Сұрақ өзінен-өзі туып, әрі балалармен жағаласып, апай әйтеуір бір сәт болса да үнсіз қалмады. Келесі қозғалған мәселенің бірі – үш тілділік жүйесі еді. Бұл жолғы кейіпкеріміз де ол жүйені қолдайды екен. Жастарға жақсы екенін, өзі сияқтылар үшін енді үш тіл білу, әсіресе ағылшын тілі қиынға түсетінін де жасырмады. Баланың болашағы үшін қажет дүние болғандықтан, оны оқуымыз керек, білмесек қолға алуымыз қажет дейді.
Қазіргі кезде 4 баланың анасы. Үшеуі жоғары оқу орнында оқыса, кенжесі Есбол Өмірбаев орта мектебінің 7- сынып оқушысы. Сұрастыра келе апай бос уақытының көп болмайтындығын айтқан еді. Тек қана бала тәрбиесімен айналысады. Оқитын кітабы да, журналы да балалар жайлы, басқа нәрселерге қызықпайды да екен.
«Ел тыныштығы – жан тыныштығы. Міне, 25 жыл бейбіт аспан астында өмір сүріп жатырмыз. Тәуелсіздіктің айғаға көк байрағымыз желбіреп тұр. Балаларымыз еркін ойнап-күліп жүр. Бұдан асқан қандай бақыт керек! Тек қана, Қазақстанымыздың болашағы жарқын болып, одан әрі де жарқырай түсейік»,- деген Раушан Тұрғанбайқызының аналық тілегімен әңгімеміз аяқталды. Алайда, осындай жандар бар да тәрбие туралы, адалдық туралы әңгіме тарқамасы анық.
Меруерт СОВЕТОВА «Ақ қауырсын» жас тілшілер клубының мүшесі