©
Наурыздың 1-і күні Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары 1 наурыз - Алғыс айту күніне орай «Қала жолдары» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің 70-ке жуық қызметкеріне шай мен тәттілер үлестіріп, алғыс айтты. Сондай-ақ, 500 оқушы мектептің техникалық ұжымына алғыс білдіру мақсатында олармен флешмоб биледі.
2016 жылы ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының кәсіби және өзге де мерекелер туралы» жарлығына толықтырулар енгізілуіне байланысты 1-наурыз Алғыс айту күні деп жарияланған еді. Аталған мереке биыл Қазақстанның түкпір-түкпірінде әр түрлі шаралармен атап өтілді. Ақтау қаласындағы зияткерлік мектеп те алғыс айту күнінде бірнеше щшараларды жүзеге асырды.
Наурыздың 1-і күні мектеп психологтары «Шын жүректен құрмет» акциясын өткізді. Оқушылар мен ұстаздар, әкімшілік қызметкерлері мектеп холында жүрек ілінген үлкен стендке алғыстарын жазды.
Ал түскі үзілісте «Мейірім өскіні» қайырымдылық тобының еріктілері бастаған оқушылар мектептің тазалығына жауапты кіші қызметкерлерге атқарып жатқан еңбектері үшін алғыс білдіріп, «Еңбектерінің елеулі» атты ашық хаттар табыстады. Кейін кіші қызметкерлермен бірге 500 оқушы мектеп алдында флешмоб биледі.
Түстен кейін қайырымдылық қор мүшелері мен еріктілер және мектеп кураторлары Ақтау қаласының көгалдандыруына елеулі үлес қосып жүрген «Қала жолдары» мемлекеттік мекемесінің 70-ке жуық қызметкерін Алғыс айту күнімен құттықтап, шәй мен тәттілер үлестірді.
- Мұнда қызмет етіп жүргеніме бір жылдай болып қалды. Қазір жаңа шағын аудандарды көгалдандыру үшін ағаш отырғызбақпыз. Ол үші алдымен жерді қазып дайындап алу қажет. Бүгін келіп көңіл бөліп, алғыс білдіріп жатқандарыңызға, балалардың пейілдеріне рахмет, - дейді мекеме қызметкері Дамиха Сутуллаева.
Шара барысында қызметкерлер балалрға алғыс білдіріп, өз жұмыстары туралы баяндап берді. Ал, алғыс білдіру шарасына қатысқан 10-сынып оқушысы Айдана Орынбасарова:
- Қаламызды гүлдендіруге атсалысып жүрген ағай-апайларымызға азғантай да болса қуаныш сыйлағаныма қуанып тұрмын. Жақсылық жасау өз қолымызда екенін, еңбекті бағалай білу керек екендігін бүгінгі шара жақсы түсіндірді. Көңіл-күйім керемет , - дейді.
Сонымен қатар, бұл күні мектеп кураторлары әр оқушының ата-анасына алғыс білдіріп ашықхат жолдады.
Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="20202,20206,20204"]