М.Өскінбайұлы атындағы облыстық филармонияда «Сыр сүлейі - Әлшекей» танымдық күй-кеші өтті. Әлшекей күйші-композитор ретіңде Сыр бойы мектебінің көшбасшысы ғана емес, ол сондай-ақ Арқа мен Атыраудың ХVIII-XIX ғасырларда сараланған күйшілік дәстүрін де терең игерген тегеурінді дарын.
Сахна шымылдығы бас дирижер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Композиторлар одағының мүшесі Рахат Мәдіреев көркемдік жетекшілік ететін Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптары оркестрінің орындауындағы Әлшекей Бектібайұлының «Толқын» күйімен ашылды.
Күйші, сазгер Әлшекей Бектібайұлының «Толқын» күйі Сырдария мен Вахш өзендерінің арасында толқындай тоғысқан тауқыметті кезінде дүниеге келіпті. «Толқын» Әлшекейдің аққу әні еді. Өмірінің үзілер сәтінде де осы күйді тындап жатып үзілген екен деседі. Халық ақыны Манап Көкеновтің «Толқын» күйінің шығу тарихына байланысты: Тұрғанда сұлу Сырдың жағасында, намаздыгер, намазшам арасында. Өмір де сыр толқыны секілді-ау деп, «Толқын» күйін шертіпті баба сонда,-деген өлеңі бар.
Әлшекейдің Тынысбек Дүйсенбековтің орындау нұсқасындағы Сәлімгерей Садықов оркестрге өңдеп түсірген «Жаяу кербез», Жидебай Дәнебековтың орындау нұсқасындағы Мүсілім Әмзе оркестрге өндеп түсірген «Бұқтым-бұқтым» күйін республикалық Халықаралық конкурстардын лауреаты, Грузия мемлекетінде өткен «Fiestalonia Ceorgia» конкурсынын 1 орын женімпазы, «Жас Дарын-2016» сыйлығынын иегері Набияр Алтаев орындауында тыңдады.
Сахна төріне Әлшекейдің тікелей ұрпағы, қазақ сатирасының сардары, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, Президент сыйлығының лауареаты, «Парасат» орденінің иегері Көпен Әмірбек шақырылды. Қонақтың сұрауымен дәулескер күйші Сержан Шәкірат сахнаға шығып, өнер көрсетті.
Бір күні Әлшекей, Мұстафа ақын, Өтемәлі жас әнші, тағы еті тірі екі жігіт, бесеуі Бекен байдың ауылына келеді. Бай олардың келгенін жақтырмаған бай: -Анау құмнан ассаңдар, кеше көшіп келген ел бар, соған барыңдар,-деп қабылдамайды. Сонда жан досы Мұстафаның: «Айрауықтың ащысы-ай, тұщы судың тапшысы-ай. Бес жігітке қуырылған, Бекен байдың апшысы-ай. Кешқұрым қайда жүрейік, жол сырын қайдан білейік, Кеңшілік етсе, байекең, үй сыртында түнейік» деген өлеңіне Әлшекей отыра қалып, күй шығарған екен. Көпшілік назарына «Айрауықтың ащысы-ай» күйі оркестрге өңдеп түсірген, оркестрдің сүйемелдеуімен Бауыржан Көбенғалиевтың орындауында ұсынылды.
Бұдан соң өнерсүйер қауым оркестрдің орындауында «Сауда бұзар», «Шерлі», «Сыбызғының күйі», «Аққу кеткен» күйлерін тыңдады.
Күйшінің өмірі мен шығармашылығы туралы деректер жинап, жиған-терген дерегін зерделеп, зерттеп жүрген өнер иесі, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетешісі және бас дирижоры, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Құрмет орденінің иегері, Композиторлар одағының мүшесі, бірнеше ән-романстардың, аспаптық және халық аспаптары оркестріне арналған шығармалардың авторы Еркін Нұрымбетов көпшілік қошеметімен сахна төріне шығып, Әлшекей Бектібайұлының «Желдірме», «Ақжелең», «Терісқақпай» және өзінің арнау күйі «Тарту» шығармаларын сыйлады.
Филармония әншілері Ақмарал Ерімбетова халық әнін, Марат Сафаров Нартай Бекежановтың «Нартайдың термесін» орындап көпшілік қошеметіне бөленді.
Сыр бойында салынған Орынбор-Ташкент темір жолының куәсі болған Әлшекей «Отарба» күйін дүниеге әкеледі. Айтқали Жайымов өңдеуіндегі осы күйді, оркестр Рахат Мәдіреевтің дирижерлік етуімен көпшілікке тарту етті.
Елена Әбдіхалықованың «Сыр елім менің» әнін республикалық сайыстарының женімпазы Сәбит Шектібаев, Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйін Рахат Мәдіреев дирижерлігімен оркестр орындады.
Сахна төріне Маңғыстау облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Бекбол Базарбаев шығып, жиналған қауымға алғыс айтып, лебізін білдірді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ