Жолаушылар пойыздағы құқықтық тәртіпті сақтау, түрлі заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Ақтау стансасындағы желілік ішкі істер бөлімі ақпанның 13-17 аралығында"Пойыз" жедел-профилактикалық жұмысын жүргізді. Іс-шара аталған тақырыппен алғаш рет өткізілді.
- Жыл басынан бері бірінші рет ұйымдастырылып отырған "Пойыз" жедел жұмысына күнделікті 12 қызметкер жіберіліп, 6 пойызға жетелеу жасағы қойылды. Онда 35 әкімшілік құқықбұзушылық, 1 қылмыс дерегі анықталса, бұрын болған 1 қылмыс ашылды. Екі қылмыс та қалта телефонын жымқырумен байланысты. Біреуі бұған дейін қолды болған 140 мың теңге тұратын ұялы телефонның пойыз жолаушыларының бірінен табылуы. Соған байланысты тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктінің басқа қылмыстарға да қатысы бар-жоқтығы тексерілуде, -деді бұл туралы желілік ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Әділбек Тұрғанбаев.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы толығырақ ақпаратты желілік ішкі істер бөлімінің әкімшілік полиция тобының басшысы Серік Оразғалиев берді: ""Пойыз" шарасы кезінде әкімшілік құқық бұзушылықпен есепке алынған 35 азаматтың көбінің шетелдік екені белгілі болды. Оның 1-еуі пойызда алкогольдік ішімдік ішу, 25-і вагон терезесінен қоқыс лақтыру, 4-еуі белгіленбеген орында темекі тарту, 5-еуі ҚР Көші-қон заңдылығын бұзу дерегі бойынша тіркелді. Көші-қон заңын бұзғандарға 517-бап бойынша шара қолданылды. 5-еуі де құжаттары белгіленген жүру мерзімінен асып кеткен Өзбекстан азаматтары болып шықты. 2-уі қамауға алынса, 3-не айыппұл салынды. Олар негізінен "Нөкіс-Ақтау", "Қоңырат-Бейнеу" құрама вагондарында кездесті".
С.Оразғалиевтің сөзінше, желілік ішкі істер бөлімінің қызмет ету шеңберінде жыл басынан 16 ақпанға дейін 249 әкімшілік іс тіркелсе, соның тек 11-і халықаралық әуежай, қалғаны теміржол аумағына қатысты орын алған. "Мүлдем төзбеушілік" қағидаты жарияланғалы әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың саны да өскен. 2015 жылы 2186 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі кездессе, 2016 жылы 2258-ге жеткен.
- Небәрі төрт-ақ пойыз келіп-кететін біздің бөлімге бұл көрсеткіштер әжептәуір салмақ. Ертеректе жылды 600-700 дерекпен ғана жабатынбыз. Қазіргі күні пойыздағы жолаушылар арасында ең көп орын алатын оқиғаның бірі - ұрлық. Сондықтан өткен жылы әрбір вагонға мұндай жағдай болған кезде қандай әрекет жасап, қайда, кімге, қалай хабарласу керектігін ескертетін парақшалар ілгенбіз. Ұрлық әдетте түнгі мезгілде, бір станциядан мініп, екіншісіне түсетін жерлерде болады. Оған "Шетпе" мен "Сайөтес", "Бейнеу" мен "Сайөтес" станцияларының арасы сәйкес келеді. Сондай жерлерге арнайы наряд шығарамыз. Бірақ бізде ілесіп жүру бөлімшесі болмағандықтан бәрін толық қамтуға мүмкіндік аз,-дейді желілік ішкі істер бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесі басшысы.
Шахида ЖҰМАН