Тіл – татулық тірегі
Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңыздылығын насихаттау, жастар арасында қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді үйренуге ынталандыру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру мақсатында халықаралық ана тілі күніне орай аймағымыздағы түрлі этнос өкілдері арасында «Тіл- татулық тірегі» байқау өткізілді.
Байқауға 18 бен 30 жас аралығындағы мемлекеттік тілде ойлайтын, сөйлейтін, қазақ халқының болмысын ұғынған өзге ұлт жастары қатысты.Ана тілін құрметтеу, оны насихаттауды мақсат еткен байқауға қатысушылардың ынталары жоғары, талаптары мықты. Қазіргідей еліміз биік мұраттарды бағындыруға бет алған тұста бірнеше тіл білудің маңызы зор екені анық,-дейді облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы Гүлзайда Төлеуғалиева.
Қазылар алқасының шешіміне сәйкес, бас жүлдені Бейнеу ауданы, Үстірт орта мектебінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Ирина Сильченко иеленсе, І орынды Жаңаөзен қаласы, №21 орта мектебінің педагог-психолог маманы Чыныгүл Құнанбаева қанжығасына байлады. Жүлделі ІІ орын Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылы, №3 Өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші тағылымдамасынан өтуші Роман Ластавецкийге бұйырса, ІІІ орынға Ақтау қаласы, Ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция бөлімінің полиция инспекторы, лейтенант Эльмар Гадиров ие болды.
Байқауға белсене қатысып, қазақ тіліне деген ыстық ықыласын танытқан Маңғыстау энергетикалық колледжінің студенті Николай Шульгин, Маңғыстау туризм колледжінің студенті Илона Асланова және Маңғыстау политехникалық колледжінің студенті Шахрух Худайбергенов ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Анар ШАМШАДИНОВА