©
Облыстық сотта «Тұрғын үй қатынастары саласындағы нормалардың бірыңғай қолданылуы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға сот төрағалары, судьялар, Ақтау қалалық әкімдігінің өкілдері мен журналистер қатысты.
Дөңгелек үстелдің ұйымдастырушысы – облыстық сот судьяларының айтуларынша шараны өткізуге азаматтардың тұрғын үй қатынастарына қатысты арыз-шағымдарын көп жазуы себеп болған. Әсіресе, соңғы кездері азаматтарды тұрғын үй кезегінен алып тастау немесе кейін шегеру деген сияқты мәселелер кейінгі кезде дау-дамайлар көп кездесіп жатыр. Былтыр облыстық сотта осындай 30 іс қаралған. Оның ішінде 27 азаматтың арыз-шағымы қанағаттандырылған.
Бұл ақтаулық азаматтар 2005-2007 жылдары тұрғын үй кезегіне тұрған. Бірақ, Ақтау қалалық әкімдігі 2015-2016 жылдары оларды ондаған жыл тұрған кезектен алып тастайды. Әкімнің бұл шешімін заңсыз санағандар сотқа талап-арыз береді. Сот ақтаулықтардың арызын қанағаттандырып, оң шешім шығарды. Осылайша, облыс орталығы басшысының іс-әрекеті заңсыз деп танылды. Ал, әкімнің бұлайша шешім шығаруына кезекте тұрған азаматтардың үйлі болулары немесе пәтерді жекешелендірулері себеп болған,-дейді облыстық соттың судьясы Айжан Молбаева.
Санитарлық нормалар бойынша, әрбір азаматқа 15-18 шаршы метр көлемінде баспана тиесілі. Көпбалалы отбасылардың 1-2 бөлмелі үйге ие болғаны үшін оларды тұрғын үй кезегінен алып тастау заңсыз әрі әділетсіз. Олар үйлерін кеңейту мақсатында кезектерін сақтай алады. Аттарында үй болғандықтан оларды баспанаға мұқтаж емес деп Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 69, 70-інші баптарын басшылыққа ала отырып, тізімнен алып тастаған әкімдіктің әрекетін облыс соттары заңсыз деп, азаматтарды кезекке қайтару туралы шешім шығарды. Дөңгелек үстелге қатысқан әкімдік өкілдері осы мәселені түсініп, істің анық-қанығын білу үшін шараға арнайы келгендерін айтуда. Алайда, заңды күшіне енген сот актілерін талқыға салуға билік орындарының еш құқығы жоқ. 30 сот актісінің 23 –і бойынша қалалық әкімдік Жоғары сотқа дейін қуынған. Жоғары соттағы қадағалау бөлімі сот актілерін қайта қараудан бас тартқан. Бұл – Маңғыстау соттары шешімдерінің заңдылығын көрсетеді. Қалалық әкімдіктің заңның тек бір бабы бойынша ғана шешім шығарған. Қазіргі жағдайда тұрғындардың көбінесе шағымданатыны осы мәселе төңірегінде болып отыр.
Заң бойынша кез келген азамат әкімдікке кезекке тұрып, үй алады. Тұрғындар кезекке 2000 жылдардан бастап тұра бастады. Үйі бар азаматтар да кезекке тіркелген. «Бұл сол кездегі жергілікті атқарушы биліктің кемшілігі. Қазір бұл үшін ешкімді жазалай алмаймыз» дейід әкімдіктегілер. Ал, ҚР үкіметінің қаулысы бойынша кезекте тұрған азаматтар өздерінің баспанаға зәру екендігін дәлелдейтін анықтама тапсыруы тиіс.Заңдылық пен әділеттілікті бірге алып жүруді айтамыз. Мүмкіндігінше олардың бұзылған құқығын қорғап, қалпына келтіруге тырысамыз. Он жыл кезекте тұрған адамды есептен шығарып тастау дұрыс емес. 2016 жылы Ақтауда пәтерлер бөліне бастады. Мәселе содан бастап туындады. Халықтың құқығын қорғау- басты міндетіміз. Олардың құқығын аяқ асты ету біздің көздегеніміз емес. Стратегиялық жоспарда бұл анық көрсетілген. Егер әділетсіз шешімдер қабылданса, бұл Тұрғын үй қатынастары туралы заңның шикілігінен. Қазір көп азаматтар кезекте тұрса да үйлі болып жатыр. Әрі кезекке тұру деген сөз міндетті түрде баспанаға қол жеткізеді деген сөз емес. Мемлекетте мүмкіншілік болмаса, қайдан үй берсін? Соңғы жылдары экономикалық жағдай түзеліп, жаңа үйлер салынып, әкімдік пәтерлер бөлуде. Үйі бар адамға үй беру де заңды емес деп ойлаймын,-дейді Ақтау қаласының прокуроры Дауылбай Шелпеков.Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында әкімдіктің есебінде тұрған азаматтар Қазақстандық ипотекалық компаниясы мен тұрғын үй жинақ банкі арқылы бағдарламаға қатыса алмайды. 2015 жылдан бері екі бағдарлама аясында Ақтау қалалық әкімдігі 7 рет құжат қабылдап, 1 мыңға жуық пәтер бөлген. Соның ішінде бірқатар азаматтар атында, меншігінде үй немесе үлесі болғандықтан пәтерден қағылған. Олардың ешбірі сотқа жүгінгенбеген, себебі бағдарламада бәрі анық көрсетілген.
Бірінші бағыт – ешбір қаржылық институттардың қатысуынсыз кезекке тұрып, мемлекет тарапынан баспана алушыларға қатысты дау-дамай туындап отыр. Себебі – бұл механизм реттелмеген. Сондықтан біз заңның 69, 70 бабына жүгінеміз. Бұл норма анық-қанық көрсетілмеген. Дегенмен, біз осы ұстанымды ұстанамыз. Біздің мақсатымыз – кезекте тұрғандарды заң аясында баспаналы ету, ешкімнің құқығын қасақана бұзғымыз келмейді. Әрине, бірқатар жауапсыз сұрақтар бар. Республиканың басқа өңірлерде мұндай мәселе жоқтың қасы. 2012 жылдан бері үй кезегіне тұру халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізіледі,-дейді Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Берік Ізғалиев.
Күні бүгінде бірінші бағыт бойынша облыс орталығында 3 жаңа үй бөлінген. 32 «А» шағынауданынан әрқайсысы 120 пәтерден үш үй, барлығы 360 пәтер кезекте тұрғандарға берілмек. Атында үй жоқ, құжаттары толық азаматтар еш қиындықсыз жаңа баспанаға ие болады. Ал, қазір атында және үлесінде үйі бар 100 адамнан бас тартылған.
Дөңгелек үстел басында Ақтау қалалық №2 сотының судьялары Қазила Сағындықова «Тұрғын үй бөлу кезінде қолданылатын заңнамасы және бөлу кезінде туындайтын мәселелер» және Бағдат Байғожаев «Ақтау қалалық әкімдігінің тұрғын үй комиссиясының пәтер беруден бас тарту туралы хаттама шешімін заңсыз деп тану туралы істерді қарау», облыстық соттың судьясы Наталья Комарова «Тұрғын үйге қатысты туындаған дауларды шешу кезінде заңды қолдану» тақырыбында баяндамалары тыңдалды.
Анар ШАМШАДИНОВА