Жыл сайын Ақтауда өтетін «Ралли Қазақстан» әлем кубогына биыл жаһанның 33 елінен 44 экипаж қатысады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы ұйымдастырушылар баспасөз конференциясында мәлімдеді. Биылғы авто жарыста квадроцикл экипаждары алғаш рет бақ сынайды. Спортшылар жалпы 2 400 шақырымды жүріп өтуі тиіс.
Қазақстаннан 8 экипаж қатысқалы отыр, оның ішінде екеуі маңғыстаулық спортшы.
Авто жарысқа қатысушылардың жүретін жолы ережемен бекітілген. Ерекше қорғалған жерлердің аумағында жүрмейді. Экипаждар жүретін жолдың белгіленген нүктелерінде полиция қызметкерлері мен медицина мамандары қызмет етеді, - деді Маңғыстау облыстық спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев.
Осындай әлемдік кубокқа 45 рет қатысқан польшалық Рафал Соник Қазақстанға келгеніне қуанышты. Елге бірінші рет табан тіреген «Ралли Қазақстан» қатысушысы бұған дейінгі жарыстарда 9 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлдені иеленген.
Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Мен мұнда өз елімде жүргендей сезінемін. Өйткені тамақтануға барған мейрамханада Польшадан келген өнімдерді көріп, екі ел арасында байланыс бар екенін байқадым. Адамдарының да жүзі жылы. Былтыр әлемдік пандемия кесірінен жарыс өтпей қалып еді. Содан кейін «Дакар», «Ралли» жарыстары ары қарай жалғасатынына сенімсіз болдым. Биыл жарыс қайта бастайтынын естігенде қатты қуандым, - дейді 90-жылдардан бері квадроцикл тізгіндеген Рафал Соник.
Махаббат Нұржанқызы
Суреттерді түсірген Талант Құсайын