Бұл туралы ҚР дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеев баспасөз конференциясында айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
13-14 наурыз күндері Ақтауда дзюдодан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған турнирге 200-ге жуық спортшы қатыспақ. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Австралия елінің дзюдошылары екі күн бойы татамиде бақ сынайды. Турнир барысында татами шеберлерінің күресін 10 төреші бағаламақ.
Бұл жарыс біз үшін өте маңызды. Жас спортшыларымызды көбірек татамиге шығарайын деп отырмыз. Ерлер мен қыздар арасында да олимпиадалық ұпай жетпей жатқан спортшыларымыз бар. Дзюдошыларымыз керекті ұпайды осы турнирде жинайды деген ойдамыз. Қазақстан дзюдошылары үшін Олимпиадаға ерлер арасында 5 лицензия, қыздар арасында 2 лицензия аламыз деп жоспарлар отырмыз. Шілде айына дейін балуандар жарыстарға қатысып, қажетті ұпайды алады деп ойлаймыз, - деді ҚР дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеев.
Рейтингтік жарыс санатына кіретін Азия кубогінің жеңімпаздарына халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес төмендегідей ұпайлар үлестіріледі:
І орын - 100 ұпай;
ІІ орын - 70 ұпай;
ІІІ орын - 50 ұпай.
2018 жылы өткен ҚР біріншілігінде облысымыздың дзюдо командасы командалық есепте ІІ орын алған еді. Бұрын болмаған жеңіске қол жеткіздік. Оның өзі үлкен жетістік деп ойлаймын. Жақында Ташкентте өткен "Grand Slam" әлемдік турнирінде маңғыстаулық спортшыларымыз жеңіске жетпесе де, бұл деңгейге жетудің өзі біраз күш , біраз еңбек деп ойлаймын. Олардың жетістігін көру - арманым. Ал федерация басшысы ретінде әрдайым қолдау көрсетемін, - деді МО дзюдо федерациясының президенті Асылбек Жолдыбаев.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ