Маңғыстау облысында «Қошқар – Ата» қалдық қоймасын қалпына келтіру жұмыстарының бірінші кезеңі басталды. Жоба осы жылдың басында Үкіметтен қолдау тауып, рекультивация жұмыстарына республикалық бюджеттен 3 жылға 15,5 млрд теңге қарастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қошқар Ата қалдық қоймасы Каспий теңізінен 7-8 шақырым, ал Ақтау қаласынан 3-4 шақырым қашықтықта орналасқан. Жалпы ауданы 77 км2, қалдықтардың ауданы 66 км2 құрайды. Бүгінде экологиялық аймақта 372 мыңға жуық адам тұрады. Радиоактивті және улы көл мәселесі жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары үшін елеулі қауіп төндіретіндіктен жедел бастауды қажет етеді.
Мамандардың айтуынша, рекультивация жұмыстары шамамен 3 жылға дейін созылады. Қалпына келтіру жұмыстарын Мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсты жеңіп алған "Павлодар өзен порты"АҚ жүргізеді.
«Алдымен залалсыздандырылатын жер түгел тегістеліп, беткі қабаты 30 см қалыңдықта үйінді топырағымен жабылады. Биыл жыл соңына дейін 4 мың гектардан аса аумақ рекультивациядан өтеді» - деді Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Д. Құсбеков.
Айта кетейік, 2020 жылға республикалық бюджеттен - 100 млн теңге көлеміндегі қаражат қолдау тауып, конкурс жарияланып, нәтижесінде «Павлодар өзен порты» АҚ-ы жеңімпаз болып анықталып - 15,5 млрд теңгеге 13.03.2020 ж. № 65 келісім шарт жасақталған еді. Алайда, конкурсқа қатысқан екінші және үшінші өнім беруші конкурс нәтижелерінің қорытындысына келіспей, сот органдарына арыздануына байланысты жобаны іске асыру тоқтатылды. Осыған байланысты бөлінген 100 млн теңге көлеміндегі қаражат республикалық бюджетке қайтарылды.