Маңғыстау облыстық "Бекет ата" мешітінде діни қызметкерлердің біліктілігін жетілдіру мақсатында семинар өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Семинар екі күнге жалғаспақ. Біліктілік арттыруға бағытталған бұл шараға өңірдің 40-қа жуық имамы қатысып жатыр. Форум аясында имамдар "Жеті рухани қазық" тұғырнамасымен тереңірек танысады. Онда діни қызметкерлердің этикасы және тұлғалық келбеті жөнінде рухани құндылықтар айтылады. Осындай тұғырнамалар арқылы қоғамдағы тұрақтылық сақталып, рухани кемелдену жүзеге аспақ. Сонымен қоса, форумда пәтуаларға байланысты өзгерістер кеңінен талқыланады.
Қазір әртүрлі салаға байланысты пәтуалар шықты. Форумды ұйымдастырудағы мақсатымыз сол пәтуаларды имамдарға жақсылап түсіндіріп, біліктілігін шыңдап, туындаған сұрақтарына жауап беріп ынтымақпен дінге қызмет ету, - дейді ҚМБД шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы.
Айта кетейік, форумға ҚМДБ бас мүфтиінің кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлы, Шариғат және Пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы және Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Қанат Алшынбаев арнайы қатысты.
Қоғамдағы діни ахуал үшін ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, аталған игі шара арқылы имани құндылықтарды дамытудың маңызы зор болып отыр.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ