Соңғы уақытта қаланың қақ ортасында төрт түлік малдың қараусыз тайраңдап жүруі көбейіп кетті. Көбіне түнгі уақытта малдардың қала ішінде «қыдыруы» қайғылы жағдайға ұласып жатыр. Облыстық полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, үстіміздегі жылдың 10 айында малмен соқтығысқан 12 жол-көлік оқиғасы болған. Соның салдарынан 4 адам қаза тауып, 18 адам жарақат алған.
Сондай оқиғалардың бірі биыл қыркүйек айының 24-інде таңғы 5-тер шамасында Ақтау қаласының 35 шағын ауданында болды. Мотоцикл мен қараусыз жүрген мал соқтығысып, жүргізуші Диас Төлепов қатты жарақат алған. Туыстарының айтуынша, оған дәрігерлер мидың қатты контузиясы, жабық краниоцеребральды жарақат, өкпенің контузиясы, гемопневмоторакс, көкбауырдың зақымдануы, церебральды ісіну және гематомалардың бар екенін айтқан. Мотоцикл тізгіндеген азамат бес күннен кейін ауыр жарақаттың салдарынан есін жимастан жан тапсырған.
Мал иесін полиция таба алмады, өзіміз тауып бердік. Ал бір күннен кейін полиция қызметкері мал қаққанда олар бірден тауып алып, мал иесін жауапкершілікке тартты. Ал біздің ісіміз ашылғанымен, мал иесі табылмады деп жауып тастады. Полиция қызметкері малды қаққанда ешқандай адам өлімі болған жоқ, адам қайтыс болған жол-көлік оқиғасына қатысты іс неге кейінге шегеріліп жатыр? Осы тұста «полиция қарапайым тұрғындарды алалап отыр ма?» деген сұрақтың туындауы орынды, - дейді мотоциклмен мал қағып мерт болған азаматтың досы Руслан.
Ал төрт түлік иесінің өз малына жарыққа шағылысатын бау тақпауын да өзгелердің өміріне салғырт қарау деп түсінуге болатын шығар?
Жолда малды соққан жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің 610-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалады. Әрі қарай, шешім қабылдау үшін іс мамандандырылған әкімшілік сотына жіберіледі. Сот шешіміне сәйкес, жүргізуші жол-көлік оқиғасына кінәлі емес деп танылса, мал иесінен материалдық және моральдық зиянды өндіріп алу туралы азаматтық сотқа талап арыз жазады, - дейді МО полиция департаментінің басышысы Жанарбек Бақтыбаев.
Полиция малды чиптеу арқылы мәселені шешуге болатынын айтады. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше қазір чиптеуге байланысты түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Мал иесін табу мүмкін болмаған жағдайда жол апаты үшін шығынды чип өтеуі тиіс.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН