Маңғыстаулық екі оқушы «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасында жеңімпаз атанды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өзге этнос өкілдері арасында өткізілген республикалық жобаның «Асыл сөз» шешендік өнерге баулу бағыты бойынша Нилюфар Нагметуллаева, әлеуметтік желілерде «Абайдың 175 жылдығы» акциясы бойынша жарияланым жасаудан ең көп лүпіл жинағаны үшін Айсель Абасова алғыс хатпен марапатталды.
Бұл жоба әр қатысушыға мотивация болады. Сынға түскен әрбір жан қандай да бір істі істей алатынына сенімді бола түседі. Қазақ тілін жетік меңгеріп, мемлекеттік тілде еркін сөйлеудің өзі мен үшін үлкен мақтаныш. Бұл жобада екінші рет жеңімпаз болдым. Осындай мүмкіндік берген Қазақстан халқы ассамблеясына алғысым шексіз, - дейді 11-сынып оқушысы Нилюфар Нагметуллаева.
Айта кетейік, жобаның негізгі мақсаты өзге этнос балаларына мемлекеттік тілді насихаттау. Жобаның атауынан белгілі, шарт бойынша бұл додаға мың бала қатыса алады. «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы жыл сайын өткізіледі. Биыл марапаттау рәсімі елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн форматта өтті. Сондай-ақ, жоба жүлдегерлеріне бағалы сыйлық та берілді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН