Ақтаудағы «Достық үйінде» Өзбекстан елшілігінің ұйымдастыруымен қарақалпақ халқының белгілі классик ақыны Бердімұрат Қарғабайұлына арналған бұрыш ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Аллаяр жолы» этно мәдени бірлестігінде ашылған бұрышта қарапайым халыққа «Бердах» атымен танылған қарақалпақ ақынының ескерткіші де қойылды. Салтанатты шара барысында МО Ішкі саясат басқармасының басшысы, Өзбекстан елшілігінің Қазақстандағы бас консулы және қарақалпақ ұлты өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Сондай-ақ, қатысушылар Бердах ақынның шығармаларын оқып, ұлттық аспапта музыкалық номер орындады.
Бердах Қарғабайұлы жас ұрпақтың тәрбиесіне қатысты көп жазған ақын. Ел басшыларының өзі осы ақыннан сескенетін болған деседі. Ал қарақалпақ халқының қоныс аударып келгеніне көп уақыт болғандықтан жас ұрпақ Бердах ақынның шығармашылығымен етене таныс емес. Бұндай мәдени ошаққа келіп әдебиетпен танысқан бір бөлек. Сол себепті бұл бұрыштың қарақалпақ ұлтының өкілдеріне берері көп, - дейді МО «Аллаяр жолы» этно мәдени бірлестігінің төрағасы Ниетбай Оразбаев.
Маңғыстау облысында 2000-нан аса өзбек және 1500-ге жуық қарақалпақ ұлтының өкілі тұрады. Сондай-ақ, Қазақстандағы Өзбекстан елшілігінің бас консулы Нодиржон Тургунов Бердах ақынның құрметіне ашылған бұл бұрыш қарақалпақ ұлты үшін тарихи оқиға екенін айтып өтті.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН