Маңғыстауда «Тұман-Шах» құс шаруашылығының қожайыны үш миллион теңгеге жуық шығынға ұшырады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Электр қуатын тасымалдаушы «АльянсЭнергоСнабАқтау» мекемесі ешқандай ескертусіз шаруашылықтағы ток көзін ажыратып тастаған. Соның әсерінен инкубатор цехындағы мыңдаған балапан өліп қалған. Қазір фабрикада 20 мыңға жуық балапан бар. Бірақ олардың да жағдайы өте ауыр.
Инкубатордан балапандар шығып жатқанда «АльянсЭнергоСнаб Ақтау» деген мекеме ескертусіз тоқтан ажыратты. Екі сағаттың ішінде жарты балапан шығып үлгерді. Ал қалғаны шыға алмай тоңып өлді. Нақты шығын - 2 500 миллион теңге. Мекеме басшысына барып, электр қуатының төлемін тексертіп едім, бұл 2019 жылдан қалып қойған қарыз екен. Бірақ мен 2020 жылдан бастап төлегенім туралы құжат бар. Осы уақытқа дейін төлеп келдім, - дейді кәсіпкер Қуандық Бұрбасов.
2014 жылдан бері өңір халқын экологиялық таза құс етімен қамтамасыз етіп отқан фабрика жылына 300 тоннаға жуық өнім берген. Екі арадағы мәселеге қатысты электр көзінен ажыратқан мекеменің де айтары бар.
Бүгінгі таңда фабриканың 120 мың теңге қарызы бар болғандықтан электр желісінен ажыраттық. Кәсіпкер өзінің қарыз екенін білді. Алдын ала ешқандай әрекет жасаған жоқ, - дейді «АльянсЭнергоСнаб Ақтау» мекемесінің директоры Гүлжан Әлімбаева.
Кәсіпкер өнімге келген шығынды монополист мекемеден талап етіп отыр. Егер дау бейбіт жолмен шешілмесе, кәсіпкер барлық шығынды сот арқылы өндіріп алмақ.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ.