«Олжа» сауда орталығынан жалға орын алған кәсіпкерлер төлем құнымен келіспейді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кәсіпкерлердің айтуынша, карантин кезінде сауда орталығы жұмысын тоқтатса да басшылық жалға алушылардан толық төлем жасауды талап етіп отыр. Пандемия әсерінен шығынға ұшыраған кәсіпкерлер бұл талаптың ақылға сыймайтынын айтады.
Тамызда 10 күн, шілдеде 4-ақ күн шыққанбыз, сол үшін бізден төлемақының 50 пайызын беруді талап етіп отыр. Жұмыс істемеген күндерге неге төлеуіміз керек? Тек жұмысқа шыққан күнге ғана төлеуді сұраймыз, - дейді кәсіпкер Гүлданай.
Бұл мәселе бойынша сауда орталығының қожайындары ресми сұхбат бермеді. Алайда «Олжа» сауда орталығының жалға алушылары Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінген.
«Олжа» сауда орталығының жалға алушылары «Атамекен» палатасына шағымданды. Біз өз тарапымыздан сауда орталығы мен жалға алушылар арасында келіссөздер, бір келісімге келсін деген мақсатта дөңгелек үстел өткізіп, екі жақты кездестірдік. Өз жағымыздан хаттарымызды жолдап, жауабын күтіп отырмыз. Барынша екі жақты мәмілеге келтіруге ұмтылып жатырмыз, - дейді Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Аққу Айтжанова.
Кәсіпкерлердің айтуынша, басшылық шарттарды орындамағандарға жұмыс орнын босату керек екенін айтқан. Карантинге дейін саудасын дөңгелетіп, қиын жағдайда шығынға белшесінен батқан саудагерлер енді сотқа жүгінбек.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Сурет google.com-нан алынды