«Баспасөз – өмір айнасы» деген, облыстың қыз-қыз қайнаған саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени өмірінің күнделікті ақпараты жарияланып, аптасына үш рет - сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері оқырман қолына тиетін аймағымыздың «айнасы» - «Маңғыстау» газетіне демеушілік жасап, азаматтық қол ұшын созып жатқан жандар да жоқ емес. Солардың бірі – өлкемізге белгілі жаны жомарт, қолы мырза азамат – Оспан Қазақбаев.
Ол алдымыздағы 2021 жылға 25 ардагер мен 25 мүжәлсіз азаматтарды «Маңғыстау» және «Мұнайлы» газетіне тегін жаздыруға қаражат көмегін ұсынды.
Маңғыстаудың қоғамдық өміріне белсене атсалысып келе жатқан Оспан Дәденұлының 1997-2006 жылдары «Өндірістік мекемелер басқармасы» ЖШС-ның басшысы қызметін, 2007-2010 жылдары Мұнайлы ауданы әкімі, 2010-2012 жылдары Ақтау қаласы әкімі қызметтерін абыроймен атқарғанын айта кеткен жөн болар.
2016 жылдың 24 наурызынан бері Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Оспан Дәденұлы аймақтың баспасөз саласының дамуына өз үлесін қосып, туған өлкенің рухани өмірінің өркендеуіне селқос қарай алмайтын елжанды азаматтарына үлгі көрсетіп отыр.
«Ел ішінде жігіт көп – азаматы бір бөлек, мал ішінде жылқы көп – қазанаты бір бөлек» демекші, киелі өлкеміздің кісілігі мол, қалтасы қалың, үлкен жүректі жандары Оспан аға бастаған үлгіге үн қосады деп сенеміз!
Айсұлу Дутбаева,
«Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры.