Сыбайлас жемқорлық - заманмен бірге өрбіп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат қозғалысы болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарына негізінен лауазымды қылмыстар жатады.
Бұл - жеке түрде немесе делдалдық арқылы мүліктік игіліктерді заңсыз алу және мемлекеттік қызмет атқарушы тұлғалардың, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғалардың өз лауазымдық өкілеттіктері мен өкілеттеріне қатысты мүмкіндіктерін мүліктік пайда табу үшін жеке басына пайдалануы, сондай-ақ аталмыш тұлғаларға жеке және заңды тұлғалардың көрсетілген игіліктер мен жеңілдіктерді құқыққа қайшы түрде пара ұсыну жолымен сатып алуы немесе қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау. Осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде өткен кеңесте мемлекет басшысы елімізде, жемқорлықтың дендеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, бұның қоғамға қауіпті дерт екенін және оған қарсы іс-қимыл жоспарының негізгі шараларын атап өтті. Олар: 1.Сыбайлас жемқорлық жөнінде жүйелі түрде ескертіп отыруға ерекше мән берген жөн, осыған орай түрлі саладағы жемқорлыққа жол ашатын жағдайларға сапалы талдау жасау; 2.Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес; 3. Мемлекеттік қызмет көрсету ісіндегі үдемелі цифрландыру; 4. Бизнесті қорғау; 5. Қоғамдық бақылауды күшейту. Еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығы осы бағыттағы жүйелі әрі табанды шараларға байланысты екендігін атап өтті.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білуі қажет. Ең алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасуы үшін әрбір адам сыбайлас жемқорлықты елдің дамуын тежейтін құбылыс деп түсінуі тиіс. Қазынашылық органдары да қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау, оларды нығайту бойынша өз құзіреті шегінде қызметтерін атқара бермек.
Маңғыстау облысы бойынша қазынашылық департаменті
басшысының орынбасары Ж.Бердиева