«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Miras» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында Маңғыстау облысы бойынша тарихи-мәдени ескерткіштердің бүгінгі жай-күйі және «Miras» қоғамдық кеңесінің 2020 жылға арналған жұмыс жоспары қорытындыланды. Сондай-ақ 2021 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасы талқыланды.
«Облыста қазір 590 тарихи және мәдениет ескерткіш мемлекеттік тізімге енгізілген. Олардың техникалық жағдайлары тексеріліп, облыстық бюджет есебінен қаржы қарастырылуына байланысты жылына 1-2 ескерткішке қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Биыл республикалық маңызы бар Қамысбай қорымы және Шопан ата жерасты мешітінің ғылыми-реставрациялау жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы қарастырылып, жекелеген объектілер қалпына келтірілді. Сонымен қатар биыл Бекет-атаның 270-жылдығына орай Оғыланды жеріндегі Бекет-атаның мешітінің техникалық жай-күйін сақтау мақсатында республикалық бюджет есебінен ескерткішке бекіту, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ өткен жылы облыстық бюджет есебінен Айымбет-Қайдауыл және Жолжан қорымдарына ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілді», - дейді Маңғыстау облысының мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры Н.Кулбаев
Оның айтуынша, биыл Форт-Шевченко қаласындағы «Мұрын жыраудың тұрған үйі» ескерткішіне де реставрациялау-бейімдеу жұмыстары жүргізілсе, «Қызылқала қалашығы, Ақмыш сайы» ескерткішін туристік бағытта пайдалануға бойынша талаптары мен міндеттері анықталды. Осы ретте облыстық инвестициялар және туризмді дамыту басқармасымен бірлесіп жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, жиынға қоғамдық кеңес төрағасы, кеңес мүшелері, Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасының басшысы, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының өкілдері қатысты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА