Маңғыстау облысының жедел жәрдем қызметкерлері облыстық әкімдік алдына жиналып, пандемия кезінен бері әлі күнге дейін төленбеген үстемақыны беруді талап етті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
"Денсаулық сақтау басқармасы мәселемізді шеше алмайды" деп шырылдаған Маңғыстау облысының жедел жәрдем қызметкерлері облыстық әкімдік алдында наразылық білдірді. Жиналғандар біраз уақыттан бері маңдай теріміздің адал ақысын ала алмай жүрміз деп ашынады. Жедел жәрдем қызметінің санитарлары мен диспетчерлері ауру асқынған кезде күніне науқастарды тасыған 100-ге жуық көлікті жуып, тазалап, өздерінің де ауру жұқтырғанын айтады. Алайда басшылары «ауру жұқтырғандармен тікелей жұмыс істемегендіктен үстемақы сіздерге тиесілі емес» депті.
"Пандемия азайды бітті деп енді осылай жасауға бола ма? Жұмыстан қысқартамыз дейді, келіп айлығымызды төмендетті. Коронавирус күшейген кездегі жұмысымыз бәрібір бағаланған жоқ", - дейді жедел жәрдем қызметкері Зылиха Түзелбаева .
"Маған сен диспетчерсің, біз саған уақытша жұмысқа жарамсыздық үшін төлемейміз дейді. Президенттің өзі медицина қызметкерлеріне, тіпті кіші медицина қызметкердің барлығына төлеуді тапсырды. Бірақ бұлар Президенттің бұйрығын орындағысы келмейді", - дейді жедел жәрдем қызметкері Снежана.
Ал әкімдік алдында өз талабын айта келгендерге әкімдіктен ешкім шықпады. Денсаулық сақтау басқарма басшының орынбасары келгенімен, бұл қызметкерлерге үстемақы берілмейді деп бірден айтты.
"Облыс әкімінің резервінен екі рет төленді, жедел жәрдем қызметкерлеріне екі лауазымдық жалақы мөлшерінде төленді. 76 миллион сәуір айында төленді, тамыз айында екінші рет 74,4 миллион төленді", - деді Маңғыстау облыстық ДСБ басшысының орынбасары Гүлбибі Тасболатова.
Жиналғандар ауырған науқастар азайған сәтте жалақыны да 40 пайызға қысқартты деп ашуланды. Сол сәтте Маңғыстау облыстық жедел жәрдем стансасы директорының міндетін атқарушы да келе қалды. Көпшіліктің ортасына маскасыз ене кеткен бұл басшы қоластындағыларды қорқытуды да ұмытқан жоқ.
"Біз дұрыстап жұмыс істейік ұжыммен, келісіммен. Ал сендер бұлай шулай беретін болсаңдар, онда басқа шара қолданылады", - деді облыстық жедел-жәрдем станциясы директорының міндетін атқарушы Айларбек Шыршықбаев.
Жиналғандар жан беріп істеген жұмысымыздың ақысы төленуі тиіс, әрі үстемақыны төлеуде алалау болмау керек деген пікірде.
МАХАББАТ НҰРЖАНҚЫЗЫ