Өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз. Ал тілсіз жаудың салдарынан базарға келген шығынның сомасы 5 миллион теңгеге жуық деген болжам бар, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ал базар әкімшілігі жағдайға қатысты ешқандай мәлімдеме жасамады. Сауда орнының қожайыны базар жұмысын толық тоқтатып қойған. Ал саудагерлердің ешқайсысы базар ішіне кіре алмай , базар маңын торуылдап жүр. Алайда заттары бүтіндей жанып кеткен кәсіпкерлер сұхбат беруге қорықты ма, әйтеуір журналистерге біреуі жақ ашпады. Тек кейбірі базардың өртенбеген бөлігі жұмысын жалғастыру керек деген талап қоямыз дейді.
"Базардың өртенбеген бөлігі жұмысын жалғастыра берсін. Бала-шағаның бәрін осы кәсіппен асырап отырмыз ғой. Өртенбеген сауда орындарының жұмыс істеуіне рұқсат берсін. Әкімшіліктен өтініп сұраймыз", - дейді саудагер.
Ал төтенше жағдайлар департаменті өрттің салдары әлі анықталмағанын айтты.
"Біздерде анықтаушы функция жоқ. Сол себепті материалдық шығын анықталған жағдайда біздер полиция департаментіне жолдаймыз. Масат базарының қожайынының айтуы бойынша бастапқы шығын 5 миллионнан басталады. Бірақ, оның барлығын сараптамалар анықтайтын болады", - дейді Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Мұрат Мұханов.
Айта кетейік Ақтаудағы "Масат" базары өртке оранғанда ондағы зоодүкендегі құстар мен балықтар тірідей жанып кеткен. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, базардың 750 шаршы метр аумағындағы 14 контейнер мен 60 сауда орны өртенген.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ