Маңғыстауда басына оқ тиіп жараланған сарбаз Ақберен Кәрімовтің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Әзірге оқтың қайдан, қалай келгені белгісіз. Ұлттық ұлан сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын мәлімдеді. Маңғыстау облыстық ауруханасында 19 жастағы сарбаздың ауыр жарақат алмағанын айтып отыр. Сарбаздың бағына орай, оқ оның бас сүйегіне тимеген, тек теріден өтіп тұрып қалған дейді дәрігерлер.
"Біз оған шұғыл түрде ота жасап, оқты шығардық. Бас сүйегіне толық тексеру жүргізіп,сараптамаға жібердік. Қуанышқа орай, оқ бас сүйегінің қуысына жетпеген екен. Пациенттің жағдайы жақсы, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ", - дейді Гельман Чагай Маңғыстау облыстық ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі.
Айта кетейік, 24 қыркүйек күні ату жаттығулары кезінде алаңнан түйелерді қуып жібермекші болғанда сарбаздың басына оқ тиген болатын. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ