Маңғыстауда коронавирус індетіне қарсы күресте 400-ден астам медицина қызметкері короновирустық инфекция мен пневмонияны жұқтырған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ал осы індеттен қайтыс болғандар саны 8 адамды құрап отыр. Қауіпсіз еңбек жағдайлары және қиын жағдайға тап болғандарға көмек мәселелері әрқашан біздің кәсіподақтың басты назарында болды. Кәсіподақ үшін өз денсаулығына қауіп төніп тұрса да, басқаларға көмектесетін медицина қызметкерлерін қолдау бұрынғыдан да маңызды. Жұмыс орнында Covid-19 жұқтырған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу жүйесін реттейтін құқықтық механизм белгілі бір нормалар мен санаттарды белгілейді, оларға барлық медицина қызметкерлері кіре бермейді.
Осыған байланысты "SENIM" Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы" РҚБ төрағасының басшылығымен кәсіби борышын атқару кезінде қаза тапқан медицина қызметкерлерінің отбасыларына материалдық көмек көрсету туралы шешім қабылдады.
Бүгінгі күні "SENIM" кәсіподағының Маңғыстау облыстық филиалы қаза тапқан 3 медицина қызметкерінің (Мұнайлы аудандық орталық ауруханасының қайтыс болған дәрігері мен медбикесінің отбасына, Жаңаөзен қаласының №2 емханасы дәрігерінің отбасына) отбасына 1 млн теңгеден қаржылай көмек көрсетті. Біз алдағы уақытта басқа да зардап шеккен дәрігерлерге қаржылай ғана емес, моральдық көмек көрсететін боламыз., делінген баспасөз хабарламасында.