©
Жеңіс күні – біздің отбасымыз үшін тағылымы мол ерекше мейрам. Себебі менің атам Есқали Айтыманов — Ұлы Отан соғысына қатысып, елдің тыныштығы мен Жеңіс үшін күрескен жан. Оның батырлығы, оның ұрпақтың болашағы үшін күрескен жанкешті ерлігі – бізге үлгі, өнеге, мақтаныш.
1942 жылдың 13 қаңтарында Ақорпа колхозынан бір отбасынан 5 ұл соғысқа аттанған, оның ішінде жасы 20-ға жете қоймаған Есқали да бар. Форт-Шевченко арқылы кемемен Красноводск қаласына келіп, пойызбен Ресейдің Соль-Илецк қаласына келген. Сол жерде оларды жан-жаққа бөліп жібереді. Айтыманов Есқали сол жерде кіші командирлер дайындайтын полк мектебін бітіргеннен кейін Сталинградты қорғаудағы №196 атқыштар девизиясының №861 полкіне жіберілді. Сол соғыста сол жақ кеудесінен жараланып, жарақатынан толық айықпастан Днепр бойындағы Мозерь қаласын қорғауға №546 артиллерия полкінде орудие командирі болған. Бұдан кейін өз орудиясымен Варшаваны азат етуге қатысып, Жеңісті Польшаның Лоздь қаласында қарсы алды. 1945 жылы КПСС мүшесіне қабылданған. 1946 жылы Лоздзадағы госпитальде емделіп, алған ауыр жарақаттарынан соғыстың үшінші топтағы мүгедегі болып елге оралады. Атам Айтыманов Есқалидың майдан даласында қалалар мен селоларды неміс фашистерінен босатуда айрықша ерліктері жоғары бағаланып, «Германияны жеңгені үшін» медалімен, «Ұлы Отан соғысының» І-ші дәрежелі орденімен және Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков, «Еңбек ардагері», КСРО Қарулы күштерінің 50, 60, 70 жылдық, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 25, 30, 40, 50, жылдығы мерекелік медальдарымен және бірнеше Алғыс хаттар, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Әр медаль мен орденнің артында бірнеше ай, жылдардың қорғасын жаңбырлары мен бомбалы дабылдары тұр. Өлім аузында шақ қалған сәттер болды, жарақат, суық және әрине, күйзеліс минуттары болды.
Атам Есқали елге оралғасын соғыс зардабынан жүдеу тартқан колхоз шаруашылығын өркендетуге қатысты. 1951-1954 жылдарда Еңбек колхозында колхоз басқармасы төрағасы болып қызмет атқарды. 1954–1957 жылдары аралығында ферма басқара жүріп, білімін көтеру мақсатында Уральскіде үш жылдық колхоз басқармаларын дайындайтын курсты бітіріп шықты. 1961 жылға дейін колхоз фермасын басқарып, 1961-1963 жылдары Тұщыбек ауыл советінде селолық Кеңес төрағасы болып жасайды. 1968 жылы аудан орталығы — Шетпе селосына көшіп келіп, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында аға агроном болып қызмет атқарған. Бірнеше рет аудандық, ауылдық кеңестерге депутат болып сайланған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Алматының «Өсімдіктерді қорғау жөніндегі ғылыми зерттеу» институтының аға агрономы болып қызмет етті. Әжеміз Бибіханмен бірге 4 ұл, 2 қызынан тараған ұрпағының қызығын көрді.
Жарқын болашақ үшін от кешкен, ерен ерлік көрсеткен атамыз Айтыманов Есқали 1997 жылы желтоқсан айында 75 жасында дүниеден өтті. Оның ерлігі біздің жүрегімізге мәңгі сақтаулы.
Э.АЙТЫМАНОВА,
Маңғыстау аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы