© Сайт архивінен
Биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толып отыр. Бұл — жалындаған жастық жылдарын қан майданда, бораған оқтың арасында өткізген кешегі жауынгерлердің, «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деп тылда аянбай еңбек еткен ардагерлердің мейрамы. Ең бас-тысы, халқымыздың ержүректігі мен төзімдігін паш еткен тарихтың өшпес парағы.
Маңғыстаудан Отан қорғауға аттанған өрімдей жас жігіттердің көпшілігі шайқастарда ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, мәйіті майдан даласында қалды. Елге аман оралғандарының қатары да жылдар өткен сайын сиреп бара жатыр.
Олардың бірі, Бейнеу ауданының Құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері, «Даңқ» және «Екінші дәрежелі ұлы Отан соғысы» ордендерінің иегері Алуадин Орақұлын жеңістің 75 жылдығы мерекесімен құттықтай отырып, мерейлі 95 жасымен аудан ардагерлері атынан шын жүректен құттықтаймыз.
Еліміз егемендігін алып, үкіметіміз ұлы Отан соғысының ардагерлерін құрметтеп, көптеген марапаттарды ұсынды. Ел құрметіне бөленгендердің ішінде сіз де барсыз. Айта кететін болсақ, Жеңістің 60 жылдығына орай Алматы қаласында өткен, Жеңістің 70 жылдығына орай ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өткен салтанатты шеруге қатысуыңыз – біздер үшін үлкен мақтаныш.
Біздер – ардагерлер соғыстағы ерен ерліктеріңізді, майдан шебінен оралғаннан кейін елге жасаған шексіз еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз, Сізге зор денсаулық және өнегелі отбасыңызға береке, бірлік тілейміз. Ұл-қыздарыңыздың, немере-шөберелеріңіздің қызығын қызықтауға Алла Тағала нәсіп еткей!
Бейнеу аудандық ардагерлер кеңесі