©
Бүгінгі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың бұйрығымен облыстық, қалалық және аудандық ауруханаларды қайта құрылымдап, қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі алдыңғы реформалар бойынша аудандық, қалалық орталық ауруханалардағы бұрынғы бөлімдерді «бөліп алда билей бер» дегендей әрқайсысын бір-біріне бағынбайтын, өз алдына жеке мемлекеттік мекеме етіп жіберген. Осындай тығырықтан шығудың жолдарын іздеген Біртанов мырза бұрынғы әріптестері кезінде қолға алған, бірақ көп ұзамай шашауы шығып, шатқаяқтаған шараларды қайта қалпына келтіруге кірісті. Яғни баяғы өз алдына шаңырақ көтеріп, бөлек шығып кеткен бөлімдердің басын қайта біріктіруді қолға алды. Біртановтың осынау бұйрығына сәйкес Маңғыстау облысы әкімінің өкімі бойынша «Жаңаөзен қалалық орталық ауруханасы» енді «Жаңаөзен қалалық көпбейінді аурухана» болып қайта қалыптастырылып жатыр. Мұны жаңа жүйе дегеннен гөрі, ескі жүйені қайта жаңғырту дегенге келетін сияқты. Міне, осы қайта жаңғыртылған жүйенің жаңалықтары мен ерекшеліктерінен халықты хабардар ету үшін және өзімізді қызықтырған бірқатар сұраққа жауап алу мақсатында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осы көпбейінді аурухананың үйлестірушісі Мұрат Сарыевты әңгімеге тарттық. – Қалада 190 кереуеттік орталық аурухана, 100 кереуеттік қалалық перзентхана және 80 кереуеттік балалар ауруханасы бар. Осының бәрінің басын қайтадан біріктіріп, көпбейінді аурухана құрып жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды атқаруда, яғни қайта құрылымдауда штат қысқарту деген мәселе мүлдем болмайды. Әркім бұрынғысынша өздеріне тиісті күнделікті міндеттерін атқара береді. Бұл құрылымның тиімділігі жалпы дәрігерлеріміздің бәрі бір ұжымның ішінде болады. Қазір бізде үш мекеме бар. Осы үш мекемедегі дәрігерлер әр түрлі кеңестерге баратын болса, әлде басқа жерге жұмыс қаауысатын жағдай туындаса, бәрін заңдастыру керек. Ол дәрігерлердің келісім шарты, кіру үшін сертификаты сияқты ұшы-қиыры жоқ құдайдың көп қағазын толтыру керек. Яғни қағазбастылық деген машақатқа тап боласың. Осындай маңызды емес жұмыстарды орындау үшін біріншіден, архивті ақтарып, дерек жинау керек. Екіншіден, қанша материал шығын болады. Үшіншіден, ұтыласың. Сонша уақыт жүріп дайындаған «қажетсіз қағаздарды» тиісті орындар бірден қабылдай қойса жақсы. Бір үтір, әлде нүктеден қате тапса, кері қайтарады. Сосын қолыңдағы құжаттарды уақыт жұмсап, қайтадан толтыруға мәжбүр қылады. Бұл кез келген кісіні сергелдеңге салып, әбден жүйкесін жұқартып, сау адамды ауру қылады. Бірақ соны орындамауға лаж жоқ. Қазір барлық жерде қажетті маман дәрігерлердің жетіспей жатқандығы айдан анық. Ал мынадай бір ұжым болып, ауыр жүкті бірігіп жұмыла көтерсек, әрине, әлгіндей проблемалар 100% толық шешілмегенімен, әйтеуір белгілі бір бөлігінің орындалатыны ақиқат. Сол үшін 6 мамырдан бастап әділет басқармасынан қажетті құжаттарымыз шықты. Қазір осы мекеменің қосылу процесі жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар бір айдың шамасында толық жасақталып бітуі керек. Біз, алдымен, ұжым арасында түсінік жұмыстарын жүргізудеміз. Кіші буындағы, орта буындағы медбикелеріміздің және әр түрлі шаруашылық жұмыстарындағы қызметкерлерімізбен кездесіп, жағдайды түсіндіріп жатырмыз. Ал дәрігерлеріміздің бәрі – жоғары білімді, түсінігі мол жандар. Бұлардың көпшілігінің қорқынышы – кез келген жаңалықты тосырқай қабылдауында. Әйтеуір бір өзгеріс болса, жалақыны көбейтеміз деген желеумен штаттар қысқартылып, жұмыстан айырылып қалу қаупі төнбей ме деген түсінік саналарына әбден сіңіп, зәрезап болып қалған. Өйткені көпшілігінің отбасы бар. Бала-шағасын қатарынан кем қылмай, бағып-қағып, өсіріп-тәрбиелеу үшін банктерден алған қос-қос қарыздары жеткілікті. Сол үшін бәрін бұрынғы орындарынан қозғамауға жұмыстанып жатырмыз. Штаттық кесте жасалып жатыр. Ертең әр сала бойынша орынбасарлар, бөлім меңгерушілері белгілі болады. Нұсқаулықтар, қажетті қағаздар, бланка, мөр, мөртабан, маңдайшадағы жазу, бәрі-бәрі өзгереді. Әрине, кездесетін қиындықтар аз емес. Бірақ бәрібір жұмыс жасалуы тиіс. Алға қойған мақсат орындалуы керек. Ол үшін тек ұжымның ұйымшылдығы маңызды. – Мұрат Жарылқапұлы, осы саладағы маман дәрігерлердің жетіспеу қиыншылықтары қалай шешіліп жатыр? Жалпы бұл проблеманың түбегейлі шешілетін кезі бола ма? Әлде созылмалы сырқат сияқты шұбатылып жүре бере ме? - Мұндай проблема жалғыз бізде ғана емес. Мұның республикамыз бойынша бүкіл медицина саласының бүгінгі ортақ бас ауруына айналғанына аз уақыт болған жоқ. Әйтеуір қолда барды ұқсатуға тырысып бағудамыз. Ол үшін, біріншіден, бұрын бір учаскелік дәрігерге 2200 адам қаралып, денсаулығын тексертіп отырса, қазір біз оны 1700 адамға түсірдік. Яғни учаскелік дәрігердің бақылайтын адам саны бұрынғыға қарағанда 500 адамға азайды. Бұл – дәрігерге азда болса жеңілдік, қолайлы мүмкіндік болып есептеледі. Сол үшін төртбес болса да учаскелердің саны артады. Дәрігерлердің қатары көбейеді. Екіншіден, зейнеткерлікке шыққан дәрігерлерімізді қолымыздан келгенінше жұмыста қалдырып, олардың іс-тәжірибелерін, қызметтерін тиімді пайдаланудың жолдарын қарастырып жатырмыз. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда 18 зейнеткеріміз өзімізбен бір сапта тұрып, еңбек етіп, елдің денсаулығын қорғауға сүбелі үлес қосып жүр. Денсаулықтары сыр бермесе жұмыстарын жалғастыра береді. Демаламын десе де өз еркі. Үшіншіден, қалада ашылып жатқан жеке меншік медицина орталықтары бар. Мысалы, «Қ.Жалымбетов», «СЕЗАмед», «Шипамед», «Медикер» сияқты. Біз негізінде заңға сәйкес белгіленген тариф бойынша қаражат береміз. Ал жеке орталықтарда бізге қарағанда жалақыны сәл көптеу төлегендіктен дәрігерлеріміздің ол жаққа басыбайлы кетіп жатқандары да бар. Ішінара бізде де, ол жақта да жұмыс істейтіндері кездеседі. Әйтеуір бізден кетіп жұмыс істесе де олардан бізге жұмыс істеуге ешкім келмейді. Бұл да дәрігер мамандардың тапшылығын азайтуға кері әсер ететін себептердің бірі екендігін жасырудың қажеті жоқ. Төртіншіден, медициналық жоғары оқу орындарының биыл 7-курсын тәмамдаған студент мамандық алу үшін тағы 3 жыл резентурада оқуы керек. Дәрігер болып шығу үшін жалпы 10 жыл оқиды. Мұның кімкімге де жеңіл тимейтіні белгілі. Әсіресе атааналар орта мектепте оқып, 11 жыл білім алған баласын дәрігер ету үшін тағы 10 жыл сүйрелегісі келмейді. Оның орнына басқа оқуларда оқытып, 21-22 жасында бітіртіп, жұмысқа тұрғызып, ауыздарына тезірек нан салғандарын қалайды. Сондай-ақ дер кезінде аяқтандырып, келін жұмсап, немере сүйіп, қызығын көргісі келеді. Мұндай қиыншылықтың барлығы уақытша шығар деп ойлаймын. Дегенмен ойландыратын мәселе. Десек те жаңаөзендік жастар оқу бітіріп өзімізге оралып жатыр. Оларға қалалық әкімдік тарапынан қамқорлық жасалуда. Биылғы жылдың басынан бері 3 отбасы баспаналы болды. Сонда да маман тапшылығы әлі де сезілуде. Әсіресе неонатолог, инфекционист, невропатолог, окулист мамандықтары бүгінгі таңда біздің қаламызға ауадай қажет. Оның үстіне өзіңізге белгілі біраз уақыт жабылып қалған педиатрия саласы қайта ашылып жатыр. Оған да білікті балалар дәрігері қажет. Тамыз айына дейін Жаңаөзеннен кардиология орталығын ашу ойымызда бар. Ақтауда жұмыс жасап тұрған ангиография құрылғысын әкеліп, ангиография жасап, кардиохирургтар мен тиісті мамандарды шақырып, осы жерде жасау ойымызда. Инвесторымыз бар. Оған аурухананың екінші қабатынан орын бердік. Қазір ол жерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сосын көптен бері шешілмей жүрген мәселенің бірі – гемодиализ. Ол мәселе де былтыр сәуір айында шешімін тапты. Нұр-Сұлтан қаласының жеке кәсіпкерлері келіп ашты. Бүгінгі таңда 18 сырқат бүйректерін тазалатып, тұрақты ем-домдарын алып жатыр. Алғашқы кезде Нұр-Сұлтаннан арнайы мамандар келіп үйретті. Қазір өз мамандарымыз толық меңгеріп, өздері басқарып тұр. Содан бері жаңаөзендіктер облыс орталығына сабылмайтын болды. Емделу тегін. Ақтауға барып-келуге жұмсалатын жолақысы мен уақыты үнемделді. Шаршап-шалдықпай үйіне жақын жерге келіп, емделу мүмкіндігіне ие болды. Міне, осылардың бәріне білікті маман дәрігерлер керек. Бізде дәрігерлік бәсеке деген бар. Себебі дәрігерлер көп болса, жұмыс сапалы болады. Жақсы, білгір, тәжірибелі дәрігерлердің іріктеліп шығуына септігі тиеді. Осындай білгір дәрігерлер жеткілікті болса, медициналық қызметтің де сапасы артады. Сондықтан жастарды қажетті мамандықтарға оқытып та жатырмыз. Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы медициналық жоғары оқу орындарында Жаңаөзеннің 160-тай қыз-жігіттері білім алуда. Олардың өздерімен және ата-аналарымен де келісілді. Оларды оқуларын бітіргесін Жаңаөзенге оралып, бізге келіп жұмысқа орналасады деп күтіп отырмыз. Сөйтіп, Жаңаөзен қаласында дәрігер мамандарға деген сұраныс қанағаттандырылып, тапшылық 2022 жылы түбейгейлі шешімін табады деп толық сеніммен айтуға әбден болады. – Ауруханаларды жаңа технологиялармен жабдықтау мәселелері қалай шешіліп жатыр? - Жаңа технологиялармен жабдықтау жөніндегі сұраныстарымыз облыстық денсаулық сақтау басқармасында жатыр. Құрылғы болғасын ескіреді. Бәрібір заманауи дүниелер қажет. «ӨМГ» АҚ салып жатқан медициналық орталықты осы көпбейінді аурухана қарамағына беруін сұрап жатырмыз. Біз соған жаңа құрылғылар әкеліп, соған сәйкес мамандарымызды оқытып дайындағымыз келеді. Бүгінгі таңда НРТ (НРТ – компьютерлік томографияның жетілген түрі. Жұмысы өте сапалы. Анық әрі нақты, түрлі-түсті етіп дәл көрсетеді), компьютерлік томографияның бағалары өте жоғары. Бірақ сапалы. Қала халқына аса қажет. Әрең жүрген ауру адамдардың Ақтауға сабылмауына мұның да көптеген септігі тиеді. Біз осындай технологияларды алып та жатырмыз. Алдыңғы партиялары тозып та жатыр. Мысалы, 2012 жылы алынған компьютерлік томографияның жұмыс істеп тұрғанына 7 жыл болды. Енді олар 3-4 жыл жұмыс істесе өкпе жоқ. Сол үшін орнына жаңа құрылғылар әкеліп, мамандарды оқытып, дайындау керек. Осындай жұмыстар жасап жатырмыз. Жедел жәрдем стансасы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылы №450 бұйрығы шықты. Негізінде жедел жәрдемнің қызмет көрсететін төрт санаты бар. Соның төртінші санаты бойынша созылмалы науқастарға шалдыққан жандарды емдеуді емханаларға өткізу көзделген. Қазір Рахат ауылындағы №2 емханадан аштық. Тұрғындарға қызмет көрсетіп тұр. Енді осындай қызметті №1 және №3 емханалардың қасынан ашуымыз керек. Жедел жәрдем көліктері сол емханалардың қасында тұрады. Учаскелерді олар толық біледі. Тіпті сол жердің тұрғындарының да көпшілігімен етене таныс. Сол үшін бұл әдіс – тиімді. Сөз соңы: Сұхбат аяқталды. Біз редакцияға қайтуға жиналдық. Жалпы М.Сарыев – аса мәдениетті, ешкімнің көңіліне тигісі келмейтін өте кішіпейіл, сабырлы, сырбаз жігіт. Оған қарап көлденең жұрттың оның төрт құбыласы түгел азамат екен деп ойлап қалатыны күмәнсіз. Бірақ ол да ет пен сүйектен жаралған пенде ғой. Кетіп бара жатқанымызда сабыр сақтап сыбырламаса да тіл астында тобықтай түйіннің бар екенін аңғартты. Сәл кідірдік. Ол қамырдан қыл суырғандай етіп тағы бір проблеманың ұшығын шығарды. Мұрекеңнің айтуына қарағанда, әріптестерінің әл-ауқаты мәз емес сияқты. Мысалы, қарапайым мұнайшы ең аз дегенде 300–400 мың теңге айлық алады. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы да едәуір өсіп кетті. «Ал 10 жыл мектепте, 10 жыл жоғары оқу орындарында оқыған, еңбек өтілі біразға барған, іс-тәжірибесі мол, күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп, кейде кірпік қақпай халықты емдеп жүрген дәрігерлердің айлығы 120-130 мың теңге. Асып кетсе 150 мың теңгеге әрең жетеді. Менің жалақым 200 мың теңгенің төңірегінде», – деді ол. ...Міне, Мұрат пен Мұратбайдың сұхбаты осындай тамыры терең түйінді ойларды ортаға салумен қорытындыланды. Ол түйінді тарқатып, әлеуметтік жағдайды түзетуге тиісті көмектерін беру – жоғарыдағы құзырет иелерінің міндеті.Сұхбаттасқан Мұратбай ҰЛЫҚПАН