«Телефоным үнемі жанымда. Науқастар күн-түн демей хабарласады. Адамның жаны қиналғанда, дәрігерден дауа іздейтіні рас қой. Дер кезінде тұтқа алуға тырысамын» дейді сұхбаттасушым. Бүгінгі кейіпкерім – адамның ең нәзік әрі жанды мүшесі саналатын жүректі емдейтін кардиолог Мақпал Шайхықызы Қарасаева. «Әрбір пациентім үшін алаңдап отырамын. Мен берген нұсқаулықпен дәрісін қабылдап жатыр ма, мөлшерімен іше ме? Осының бәрі маңызды. Әрбір адамның денсаулығы – байлығы. Мен өмірімді осы жауапты қызметке арнадым» дейді ол. Дәрігерлер мерекесі атап өтілер тұста ұзақ жылдар бойы кардиология саласында қызмет еткен Мақпал ханым жүрек ауруларының қыр-сыры туралы әңгімеледі. - Кардиология саласына қалай келдіңіз? Еңбек жолыңыз қалай басталды? – Мен 1963 жылы 24 қаңтарда дүниеге келдім. 1989 жылы Ташкентте медициналық институтты бітірдім. Интернатураны аяқтағаннан кейін ұзақ жылдар терапевт қызметін атқардым. 2001 жылдан бастап кардиологпын. Шымкентте, Сайрам аудандық ауруханасында кардиология бөлімінде стационарда жұмыс істедім. Кейін Шымкент кардиоорталығында Қазақстанға белгілі кардиолог Сәуле Әбсейітованың қолынан өтіп, біліктілігіміз артты. 2007 жылы Ақтауға келген соң, Маңғыстау облыстық ауруханасында, кейін 1-қалалық емханасында, «Нейронда» пациенттерді қабылдадым. Ал қазір 7 жылдан бері «Ча-Кур» жеке меншік клиникасында қызмет атқарып келемін. – Жүрек ауруларымен қай жастағы азаматтар жиі ауырады? - Жүрек ауруы ер адамдарда ертерек басталады. Көбіне 40 жастан асқан ерлер жиі кардиологқа жүгінеді. Ал әйелдерде бұл ауру сәл кешірек, 50-60-тан кейін келеді. Жүрек аурулары ішінде ең көп тараған түрі – жүрек ишемия ауруы. Оның бірінші себебі – қандағы холестерин мөлшері көбейіп кетуінен тамырлар бітеліп қалады. Бұл жағдайда, ең алдымен, диагнозын анықтау үшін келген науқасты кардиограмма және жүрек ультрадыбыстық зерттеуіне (УДЗ) түсіреміз. Бұдан бөлек, Холтер ЭКГ аппараты арқылы бір тәулік бойы адам ағзасына қысым түсірген кезде (10-этажға мініп, түсу т.б.) ишемия көрінеді. СМАД аппараты арқылы бір күн бойы адамның қан қысымын бақылауға алып, зерттеу жүргіземіз. Осы аппараттар арқылы жүрек ауруына диагноз қойылғаннан кейін, науқасқа ем тағайындаймыз. Өзіңізге белгілі, жүрекке байланысты көп дерттің емі – диета ұстау. Одан кейін, қан қысымын қалыпты жағдайға келтіру және холестеринді азайту үшін қажетті дәрілер қабылдау. Бұл жүрек ауруларының І, ІІ кезеңдеріндегі ем түрлеріне жатады, ал ІІІ, IV кезеңдерде (яғни жағдай күрделенгенде) көбінесе жүрек коронарографиясын жасатуға жолдама береміз. – Шыны керек, диета ұстау көбіне науқастарға қиындық тудырып жатады... Сіздің науқастарыңыздың бұл туралы көзқарасы қалай? – Біздің өлке тұрғындарына, әсіресе ерлерге майлы ет жеуге тыйым салсақ, көңіл күйлері түсіп кетеді. Майлы ет – холестеринді көбейтетін бірден-бір тағам. Қаймақ, сары май сияқты сүт қышқылды өнімдерден де бас тартуға тура келеді. Пациентке алғаш рет диета ұстауды тапсырсақ, бірден оны орындай қоймайды. Көп жағдайда, ауруы жанына батқаннан кейін, диетаға бірте-бірте келеді. Бірақ соңғы жылдары халық оның пайдасын түсініп келеді. Халықтың медициналық сауаты жоғарылап келе жатқаны қуантады. – Қазір жеке емханада қызмет етесіз. Күніне қанша пациент қабылдайсыз? Бір күніңіз қалай өтеді? – Күніне 20–30 пациент қабылдаймын. Жұмыс уақыты аяқталса да, келген адамды бетінен қақпай, қабылдай беремін. Қазір науқасқа жылы сөзіңнің өзі – ем. Көпшілік қан қысымы көтерілгенде, сондай-ақ жүрек ишемиясы ауруымен келеді. – Жүрекке қатысты дәрілерді өмір бойы ішу керек деп жатады. Бұл қаншалықты рас? – «Өмір бойы» деген сөз пациентке ауыр тиеді ғой. Біз үздіксіз деген сөзді қолданамыз. Жүрек дәрілерін бергенде науқасқа қай дәріні қалай, қай мерзімде ішу керектігін нақты әрі түсінікті айту қажет. Өкінішке қарай қазақшылыққа салынып, бүгін қан қысымым орнында деп келесі күні дәрі ішпей, жағдайлары күрт нашарлап кететін кездер көп. Тағы бір ескерте кететін жайт – дәрі қабылдаған кезде диета қатар жүру керек. Тек дәрі ішіп немесе тек диета ұстап, жазыла алмайсың. Сол себепті жүрекпен ойнауға болмайды. Біз жауапты пациенттерді жақсы көреміз. – Жүрек аурулары неден туындайды? Халық өз денсаулығын қалай күтуі тиіс? – Ең алдымен, жүрек аурулары тұқым қуалайды. Яғни ата-анасының қан-қысымы жоғары болса, балалары да тұрақты қан қысымын өлшеп тұруы тиіс. Соңғы жылдары стрестік жағдайлардан жүрек талмасы көп болып отыр. Ал үшінші себеп – адамдарда қимыл-қозғалыстың аздығы. Тұрақты түрде спортпен шұғылдану, көп қимыл жасау, жаяу жүру жүрек ауруынан сақтайды. Тағы бір маңызды себеп – көп тамақ жеу. Майлы тамақтан бас тартсаңыз, көп аурудың алдын алуға болады. Менің тілейтінім, өз денсаулығына немқұрайлы қарамайтын пациенттер көбейсе екен. Жүрек ауруының алдын алу үшін жеміс-жидек пен көкөніс жеу керек. Диетаның да адам денсаулығы үшін маңызы зор. Күнделікті құрамында қанты бар сусындардың орнына қарапайым су ішіп, нан және ұн өнімдерін азайтқан дұрыс. Қант, май және калория көлемі жоғары азықтардың құнарлығы төмен болады. Майлы етті, сүтті тағамдар, консерві, шұжық, ірімшік, маринадталған тағамдар, балық, шоколад сияқты азықтарды көп тұтынбаңыз. Сонымен қатар ашушаңдыққа бой алдырмай, таза ауада жүгіру керек. Салмақты бақылауда ұстап, артық салмақтан арылу қажет. P.S. Айта кету керек, дені сау азаматтың өзі жылына кем дегенде бір рет дәрігерге қаралып, аурудың алдын алу шараларына көңіл бөлгені жөн. Мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін медициналық көмек шеңберінде тексеруден тегін өтуге болады. Мысалы, флюорография, қан және несеп талдауларын тапсырып, қандағы холестерин мен қант мөлшерін, көз іші қысымын тексерту қажет. Егер қандай да бір ақау табылып жатса осы кепілдендірілген көмек шеңберінде тегін ем-дом қабылдауға болады. Өйткені көптеген созылмалы сырқаттар аталған пакет шеңберінде тегін емделеді. Елдің бәрі осыны қолға алса, ұлт денсаулығы жақсаратыны анық.
Айгүл ДӘДЕН, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Маңғыстау филиалының бөлім басшысы