Осы күндері қаланың көптеген жерлерінде Жаңаөзеннің 50 жылдығына байланысты түрлі мерекелік шаралар өткізілуде. Осындай шаралардың бірі жақында «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға қарасты№3 мұнай және газ өндіру басқармасында болды. Шара «Жырлаймын сені – Жаңаөзен!» деген атаумен өтті. Оған аталмыш МГӨБ-тегі ӘШБ, №1 МГӨК, №5 МГӨК, №10 МГӨК, №13 МГӨК, СЖЖЦ, ҚҚС, ЖЗЦ, ӨҚКЦ сияқты 9 кәсіпшілік пен цехтардың мұнайшылары қатысты.
Байқаудың мақсаты – Жаңаөзен қаласының 50 жылдық мерекесіне орай ұжым арасында рухани құндылықтарды дәріптей отырып, жұмысшыларды ауызбіршілікке шақыру, Отанды сүюге, туған еліне, өскен жеріне деген сүйіспеншілігін, сондай-ақ әсемдікке, жауапкершілікке деген патриоттық сезімдерін арттыру.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Оның біріншісі – «Ән арнадым саған – Жаңаөзен!» атты әндер байқауында ел, Отан, туған жер туралы патриоттық әндер айтылуы керек. Ал екінші кезеңде «Мамандығым – мақтанышым, Жаңаөзенім – мекенім!» атты сайыста 7-8 минуттың көлемінен аспайтын әрбір цехтың командасы бейнетаспаға жазылған көрініс көрсетуі қажет.
ҚР Мемлекеттік Әнұранымен басталған байқаудың беташарында №3 МГӨБ директоры Ғабит Әбенов пен басқарма кәсіподақ ұйымының төрағасы Валерий Қаржаубаев шығып сөйлеп, жиналғандарды Жаңаөзен қаласының 50 жылдық мерекесімен құттықтап, сайыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Мекеме басшыларының ережесіне сай сайысқа қатысушы командалар өз кәсіпшіліктерінің тұрмысы, мұнайшылардың күнделікті жұмысы, тыныс-тіршілігі туралы бейнебаян көрсетті. Әрине, олар кәсіби әнші, әлде әртіс емес. Олар – мұнайшы. Әйтсе де, кейбір өнерге жақын мұнайшылар қазақтың қара домбырасын қолға алып тартымды термелер мен патриоттық әндерді орындағанда көңілің көкке көтеріліп, ерекше сезімге бөленіп, құшырлана қол соққаныңды аңғармай қаласың. Шынында да, күнделікті өмірін ел байлығын арттыруға бағыштаған мұнайшылардың арасында қаншама өнерлі жандар жүр десеңізші. Осылардың бәрінің басын біріктіріп, әлде осындай сайыстарды «ӨМГ» бойынша ұйымдастырып, әр МГӨБ пен мұнай мекемелерінен озып шыққан кәсіпшіліктер мен цехтарды қаладағы «Мұнайшы» мәдениет сарайына шақырып, әлгіндей өнерлерін ел алдында паш еттірсе нұр үстіне нұр болар еді-ау. Мәселен, әлгі байқауда 50 мың теңге сыйақымен 1-орынға ие болған №10 МГӨК, 2-орынды иеленген №1 МГӨК, 3-орынды қанағат тұтқан Қабат қысымын сақтау цехының команда мүшелері немесе 70 мың теңге ақшасымен бас жүлдені жеңіп алған Зерттеу жұмыстары цехы командасының мүшелері кез келген кәсіби өнер ұжымдарымен бәсекелесе алатыны байқалып тұр.
Сондай-ақ сайыс соңында Жаңаөзен қаласының 50 жылдығына орай бұқаралық спорттың әртүрі бойынша өткізілген жарыстардың жеңімпаздары да диплом, грамота және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
М.ШЫНДӘУЛЕТ Жаңаөзен қаласы