Маңғыстау футбол мектебінің түлегі Нұрәлі Әліптің ағылшын премьер лигасына ауысуына қатысты тың ақпарат белгілі болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтау қаласының тумасы Нұрәлі Әліп Англияның клубына ауысуы мүмкін екені өткен аптада қызу талқыға түскен болатын. Алайда оның жеке агенттері әзірге мұндай ұсыныстың болмағанын және Ресейдің «Зенит» клубына қорғаушыны сатып алуға қатысты адамдардың байланысқа шықпағанын жеткізді.
Осыдан кейін Ресейдің белгілі футбол комментаторы Геннадий Орлов «Спорт экспресс» порталына берген сұхбатында қазақ футболшысы туралы өз ойын білдірді.
«Нұрәлі Әліпке бола уайымдауға болмайды. Ол қазір біз үшін тиімді ойыншы екені рас. Бірақ қорғаушы міндетінен бөлек ол шабуылдауды да ұмытпауы керек. Өкініштісі, Нұрәлі мұндай қасиетке ие емес. Егер біздің чемпионатта бұлай көріне алмаса, Еуропа елдерінің чемпионаттарында ойнау қиын болады. «Манчестер Юнайтед» тарапынан Нұрәліге мұндай ұсыныс болды ма? Меніңше, бұл футбол агенттерінің «ойыны» болуы мүмкін. Оған «Зениттің» ішкі бәсекесіндегі өз орнын сақтау да маңызды. Себебі, оның позициясында Эракович, Родригао сынды бәсекелестері бар», - деді Г.Орлов.
Сонымен бірге, Нұрәлі Әліпке қатысты Қазақстан футбол федерациясының өкілі Ермұхамед Мәулет өзінің телеграмдағы арнасында мәлімет жариялады. Оның айтуынша, «Манчестер Юнайтед» әзірге Нұрәлі Әліптің орнына басқа ойыншыны қарастырып отырған көрінеді.
"Манчестер Юнайтед" Нұралы Әліптің орнына басқа қорғаушы тапты. Клуб тарапы қызығып отырған ойыншы лиссабондық "Спортингтің" қорғаушысы Гонсалу Инасиу болып отыр. Осы маусымда ол "Спортинг" сапында 17 ойын өткізіпті. Ал оның трансферлік құны 30 миллион еуроға бағаланды», - деп жазды Ермұхамед Мәулен.
23 жастағы Нұрәлі Әліп «Зенит» сапында 2022 жылдан бері ойнайды. Бастапқыда жалға алу тәсімен клуб қатарына қосылған ол жыл басында 2 млн долларға алматылық «Қайраттан» сатылған болатын. Қазір қазақстандық футболшы петербургтік «Зенитпен» Ресей чемпионатында 17 ойын өткізіп үлгергенімен әзірге гол соққан жоқ. Сондай-ақ, жерлесіміз еліміздегі ең қымбат ойыншылар тізімінде екінші орынға тұратады. Оның құны 1,2 млн еуроға бағаланып отыр. Таяуда түркиялық «Фенербахче» Нұрәліні 3 млн еуроаға сатып алуды ұсынғанымен, ресейлік клуб бұл бағаға келіскен жоқ.