Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері маңғыстаулық боксшы Бекзат Нұрдәулетовке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Егемен Қазақстанның» жазуынша, білікті маман Мырзағали Айтжанов 80 келі салмақта құрамада бәсекенің аса жоғары екенін атаған. Бұл ретте ол әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовтің де тәжірибелі споршы екенін алға тартты.
«Астанада өткен спартакиадаға 80 кг салмақта бірталай мықты боксшы жиналды. Аталған салмақта ширек финалдан бастап өте тартысты кездесулер өтті. 80 кг салмақтың жартылай финалында әлем чемпиондары Нұрбек Оралбай мен Бекзат Нұрдәулетов, әлем біріншілігінің қола жүлдегері, кәсіпқой бокста біраз жетістікке жеткен Тұрсынбай Құлахмет, 22 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері Ерасыл Жақпеков өнер көрсетті. Осыдан кейін-ақ бұл салмақта бәсекелестік өте жоғары болғанын аңғару қиын емес. Финалға шыққан әлем чемпиондары Нұрбек Оралбай мен Бекзат Нұрдәулетов бокс кешін қыздырды. Азғантай басымдықпен Нұрбек жеңіске жетті», - деді Мырзағали Айтжанов.
Маңғыстаулық боксшы Бекзат Нұрдәулетов 2019 жылы Ресейде өткен әлем біріншілігінде топ жарған. Жерлесіміз сол жолы жартылай финалда Олимпиада чемпионы, әлем чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы кубалық Хулио Ла Круздан басым түскен еді. Кейін Олимпиада лицензиясы үшін Иорданияда өткен ірітеу турнирінде топ жарып, Токиодадағы төрт жылдықтың бас ойындарына қатысты.