Маңғыстаулық спортшы ауыр атлетикадан халықаралық турнирде топ жарды. Бішкек қаласында өткен халықаралық турнирде қыздар арасында Сағыныш Атабай өз салмағында үздік атанып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, жерлесіміз 23-27 қараша күндері аралығында Қырғыстанда Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы, төрт дүркін әлем және екі дүркін Европа чемпионы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Қаныбек Осмонолиевтің 70 жылдық мерейтойына арналған ХХХV халықаралық турниріне қатысты. Халықаралық сынға Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан және Қырғызстан елдерінен 200-ге жуық спортшы бақ сынаған болатын.
Бұл ретте ақтаулық ауыр атлет Сағыныш Атабай 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, чемпион атанып отыр. Бұл салмақтың күміс жүлдесі Қырғызстан спортшысына бұйырса, қола жүлде тағы бір отандасымыз, Алматы қаласынан барған ауырт атлеттің еншісіне жазылды.
Сағыныш Атабайдың жеке жаттықтырушысы Тимур Жаңбыровтың айтуынша, Орталық Азия елдерінің спортшылары қатысқан бәсеке жоғары деңгейде аса тартысты өткен. Ал ел намысын қорғаған маңғыстаулық спортшы қос сайыс қорытындысы бойынша қырғыздың тұңғыш Олимпиада чемпионының атындағы сында үздіктер қатарына қосылған.