Келе жылы Парижде өтетін Олимпиада Ойындарына Маңғыстау облысының спортшылары бірнеше спорт түрі бойынша жолдама алуды көздейді. Әзірге олардың ішінде үш спортшының есімі ерекше аталып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
XXXIII жазғы Олимпиада Ойындарының жолдамасын алу үшін Маңғыстау облысының атлеттері рейтингтік ұпай иелену жолында жиырмадан астам әлемдік Гран-При, Гранд Слэм және Азиялық іріктеу жарыстарына қатысқан. Өңірдің дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда төрт жылдықтың басты додасына қатысудан үмітті үш спортшыға жауапкершілік жүктелген.
Велоспорт бойынша Сергей Пономарев, таеквондодан Елдар Бірімбай және бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов есімін бүгінде қалың жанкүйер жақсы біледі.
Бекзат Нұрдәулетов таяуда Астанада өткен спартакиадада 80 келі салмақ дәрежесі бойынша финалға шығып, күміс жүлдегер атанған. Бұл орайда бокстан жолдама үшін өтетін сынға жеңімпаз Нұрбек Оралбай баратыны белгілі болып отыр. Дегенмен, оған дейінгі оқу-жаттығу жиындарында аталған қос боксшының әлеуеті екеуара спарринг барысында тағы сараланыты анық. Сондықтан жерлесімізде әлі де қосымша мүмкіндік көп.
Ал таеквондошы Елдар Бірімбай биыл Азия чемпионатында 68 келіде күміспен күптелді. Ұлттық құрамада өз салмағында үздік саналатын маңғыстаулық саңлақ алдағы Олимпиада жолдамасы үшін өтетін сында барын салып, ел тілегін орындайды деген сенім зор.
Бұдан басқа тағы да 5-6 спорт түрі бойынша лицензиялық жарыста маңғыстаулық спорт спортшылар ұлттық құрама сапында жолдама алуы да әбден мүмкін екенін айтылды.
Сондай-ақ, маңғыстаулық пара-волейболшылар Олимпиада ойындарына жолдама алып үлгерген. Бұған дейін Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы финалға өткен болатын. Құрама сапында маңғыстаулық Ерболат Алтаев пен Бауыржан Оразалиев ұлттық құрамада өнер көрсетіп, 2024 жылы Париждегі XVII Жазғы Паралимпиада ойындарына жолдамана қол жеткізіп отыр. Осы орайда құраманың жаттықтырушысы, маңғыстаулық Құралбек Сейітовтің де еңбегі ерен.
Париж Олимпиадасына дейін әлі 8 ай барын ескерсек, оған дейінгі жарыстарда Маңғыстау облысының спортшылары өз әлеуетін толық көрсетуіне уақыт бар.