Бокстан Ереванда басталған әлем чемпионатына қатысқан маңғыстаулық қос боксшы іріктеу кезеңдерінде ұтылып қалды. Құраманың аға бапкері Аркадий Топаев олар жеңіске жеткеніне қарамастан төрешілер тарапынан жасалған әділетсіздіктің құрбаны болғанын айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысының өкілдері Бекарыс Нұрмұхан 66, Бақытжан Айтмұханов 80 келіде сынға түскен болатын. Алайда олар шаршы алаңда қарсылсынан басым түссе де төрешілер шешімі бойынша жеңіс қарсыластарына берілген.
"Әлем чемпионаты 13 салмақ дәрежесінде өтіп жатыр. Біздің төрт боксшымыз ғана ширек финалға шықты. Бұл кезеңге дейін ең болмаса алты баламыз жетеді деп ойлағанмын. Төрешілер біраз жеңісімізді тартып алды. Тіпті, шектен шығып кетті. 66 келідегі боксшымыз да өзбектен жеңілген жоқ. Алайда, төрешілердің ойлағаны басқа екен. Ал 80 келідегі боксшымыз тайпейлікті екі рет нокдаунға жіберсе де, қарсылас 5:0 есебімен жеңіске жетті», - деді Аркадий Топаев.
Құрама бапкері әлем чемпионатында көптеген шектен шыққан әрекет болғанын атап өтті. Оның сөзінше, төрешілер жас боксшыларға ашық түрде қиянат жасап жатыр.
«Мұны қалай түсінуге болады? Ойларына келгенін істеп жатыр. Боксшыларымыз да не болғанын түсіне алар емес. "Ағай, мен ұттым ғой", - дейді. Оларға мұның үлкен спорт екенін, алда неше түрлі әділетсіздіктер, қиындықтар болатынын, бұған еш қайыспау керектігін айтып жатырмын», - деді жасөспірімдер командасының аға бапкері Аркадий Топаев Bassport.kz-ке берген сұхбатында.