Маусымның 14-16 күндері Нұр-Сұлтан қаласында каратэ-додан «Kazakhstan Open» халықаралық турнирі өтті. Жарысқа Маңғыстау облысынан 50 спортшы қатысты. Турнирден маңғыстаулық спортшылар 11 алтын, 9 күміс, 10 қола жүлдені қанжығасына байлады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Додада 14 елден келген 550 спортшы бақ сынады. Соның ішінде 50 каратэші аймақ намысын қорғап, сынға түсті. Бапкер Ерлан Сәрсеновтың айтуынша, жарысқа Мұнайлы ауданынан 10 спортшы барған. Олардың қатарында 30 келі салмақта Мадияр Баймұрат пен 40 келі салмақта Ерлан Ердәулет алтын жүлдені алған. Ал 45 келі салмақта Ақылжан Қыдырбаев және 57 келі салмақта Айдос Мұхат күміс жүлдені иеленді. Мұнайлы ауданынан қатысқан спортшыларды Айбек Төребаев, Сұлтан Райым және Ерлан Сәрсенов есімді бапкерлер дайындаған. Айта кетейік, 10 жасар Мадияр Баймұрат Астанадан, Қарағандыдан және Қырғызстаннан келген қарсыластарын басымдықпен жеңіп, финалға жолдама алған. Шешуші сәтте өзбекстандық спортшыны 2:0 есебімен жеңіске жеткен. «Нұр-Сұлтан қаласында өткен халықаралық турнирде бар мүмкіндігімді, мықтылығымды дәлелдеуге тырыстым. Халықаралық деңгейде өтіп жатқан соң жүлделі атануға бар күш-жігерімді салдым. Қай спортшы болмасын кең көлемде өткізілетін жарыста жеңіс тұғырынан көрінгісі келеді. Мен алтын жүлденің иесі атанғаныма өте қуаныштымын. Мұны халықаралық жарыстан алған алтын медальдің басы деп есептеймін. Осы орайда жарысқа дайындаған бапкерлеріме алғыс айтамын», - дейді жас спортшы Мадияр Баймұрат.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді ұсынған Ерлан Сәрсенов