Ақтауда «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында шахматтан және спорттың басқа түрлерінен турнир өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Іс-шара дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының қолдауымен ұйымдастырылды.
Шахмат, үстел теннисі, волейболдан (отырып ойнау) өткен турнирге облыстың әртүрлі аудандары мен қалаларынан 40-қа жуық мүмкіндігі шектеулі спортшы қатысты.
«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы комиссиясының төрайымы Баян Жалмағанбетованың айтуынша, 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 3 желтоқсанды халықаралық мүгедектер күні деп белгіледі. Мүгедектердің проблемаларына қоғамның назарын аударуға бағытталған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың мақсаты – дене шынықтыру мен спортты оңалту құралы ретінде насихаттау. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға табысты интеграциялау, сондай-ақ шахматты мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді спорт түрі ретінде танымал ету.
«Біздің мүмкіндігі шектеулі спортшылар белсенді түрде салауатты өмір салтын ұстануды жалғастыруда. Қазір олар облыстық мүмкіндігі шектеулі жандар спорт клубында спорттың 20 түрімен айналысады. Спортпен шұғылдану үшін оларға жақсы жағдайлар жасалады», - деп атап өтті Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтауда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін спорты клубы 2016 жылдың желтоқсан айында ашылған болатын. Спортпен шұғылдану қоғамға психологиялық және әлеуметтік бейімделуге көмектеседі.
«Маңғыстау облысында 386 адам түрлі спорт түрлерімен айналысады. Тағы 720 адам денсаулық топтарында, яғни сауықтыру спортымен айналысады. Олар қалалық және облыстық жарыстар мен турнирлерге белсенді қатысып жүр. Жақында қараша айының соңында біздің облыстың құрама командасы Түркістанда өткен Қазақстан чемпионатында алты команда арасында бірінші орынға ие болды. Біз сегізінші рет чемпион атандық», - дейді Маңғыстау облыстық мүмкіндігі шектеулі жандар спорты клубының директоры Нұралы Құлышев.
Турнир соңында жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом және кубокпен марапатталды.
Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында 28 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар.
Айта кетейік, «Nur Otan» партиясының жаңа бағдарламасына сәйкес алдағы бес жылда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында Қазақстанда 64 кешенді іс-шарадан тұратын 2025 жылға дейінгі жоспар іске асырылуда.