Дзюдодан Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының оқу-жаттығу жиыны аяқталды. Ұлттық құрамада маңғыстаулық спортшы Бауыржан Нарбаев пен Руслан Мұсаев та бар, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оқу-жаттығу жиыны Алматы облысындағы «Ақбұлақ» спорт базасында өткен. Оған 20-ға жуық спортшы қатысты.
«Жаттығу жиыны өзіміз ойлағандай өте жоғары деңгейде өтті. Карантиннен кейінгі алғашқы жаттығуымыз болғандықтан спортшыларға артық салмақ салынбады», - дейді Ұлттық құраманың бас бапкері Айдын Смағұлов.
Дзюдодан ұлттық құраманың мүшесі, маңғыстаулық спортшы Бауыржан Нарбаевтың айтуынша, оқу-жаттығу жиыны әдеттегіден жеңіл өткен.
«Оқу-жаттығу жиыны барысында бас бапкердің нұсқауымен футбол, баскетбол сынды спорттық ойындарды ойнадық. Сондай-ақ тауға шығу, жүру жаттығулары арқылы дайындығымызды шыңдадық. Үш ай үзілістен кейін жиналған соң спортшылардың жарақат алмауы маңызды болды. Сондықтан да жеңіл спорттық шаралар ұйымдастырылды», - деді Бауыржан Нарбаев.
Дзюдодан Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының келесі оқу-жаттығу жиыны AIBA бокс академиясында өтеді. Жаттығу жиыны 1 шілде күні басталып, 18 шілде күні аяқталады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, оқу-жаттығу жиыны 8 маусым күні басталған болатын. Жиын 20 маусымға дейін жалғасқан. Сонымен қатар спортшыларды ұлттық құраманың дәрігері жіті бақылап, барлық санитарлық талапты қатаң сақтаған.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА