Бұл туралы МО қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифнгте МО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қанат Жұмабаев айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақтау қаласында салынып жатқан «Бокс» орталығы құрылысының 90%-ы аяқталды. Жоспар бойынша тамыз айында қолданысқа беріледі. Орталықта 6 спорт түрімен айналысуға мүмкіндік болады. Атап айтқанда, қазақ күресі, бокс, грек-рим күресі, каратэ, таеквандо және ауыр атлетика.
«Спорт кешеннің сыйымдылығы 20 мың шаршы метр, жанында 99 адамға арналған қонақ үй бар. Жүзу бассейні, баскетбол, волейбол, футбол стадиондары бар», - дейді Қанат Жұмабаев.
Сонымен қатар жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында бірнеше спорт нысаны жөндеуден өткізіледі. Олардың 3-еуі Ақтау қаласында, 1-еуі Жаңаөзен каласында, үшеуі Маңғыстау ауданында орналасқан.
«Биыл қыркүйек айында ҚР Тұңғыш Президентінің – Елбасының тестілерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл облыс дәрежесінде өтетін жылдың ең ауқымды шараның бірі болмақ. Облыс бойынша барлық тұрғындарды президенттік тестілеуге шақырамын. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапатталатын болады», - деді МО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қанат Жұмабаев.
Жұлдыз ҚАЛИЕВА