Жыл басынан тамыз айына дейін 294 адам шетел азаматтарының елімізге келіп-кету ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылған. 262-сі сот шешімі бойынша әкімшілік қамауға алынса, 12-сі елден тысқары шығарылған. Аталаған дерек Ақтау станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің қызмет ету аймағында болған.
Осы жөнінде мәлімдеген бөлім басшысының қызмет жөніндегі орынбасары Құрманғали Тәженнің айтуынша, 2016 жылғы атаулы мерзімде дәл сол баппен 237 шетелдік анықталып, 208-і темірторға тоғытылған. Дегенмен ағымдағы жылдың жеті айында жалпы әкімшілік құқық бұзушылықтар өткен жылғы салыстырмалы кезеңнен 8 пайызға төмендеген. Биыл көліктегі полиция кезекші бөліміне 1312 құқық бұзушы жеткізіліп, тиісті шарасы алынса, өткен жылы ол 1427-ні құраған.
- Анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтардың негізгі бөлігі "Мүлдем төзбеушілік" қағидатын бұзушылықпен байланысты. Ұсақ бұзақылық бойынша ағымдағы жылы 48 факт тіркеліп, өткен жылғы жеті айдың көрсеткішінен 9 пайызға артты. Алкогольге қарсы заң бұзушылық керісінше, биыл былтырғыдан 24 пайызға төмендеді. Десек те қайталанып келетін қылмыс 3 санға көбейіп, 12-сі кездесті. 2016 жылдың шілде айының қорытындысымен топтасып қылмыс жасау дерегі 2 болса, осы жылы 7 қылмыс кездесті. Қоғамдық орындағы қылмыс былтырғы 13 фактіден 12-ге түсті,-дейді Қ.Тажен.
Тәртіп сақшысының сөзіне сүйенсек, аталаған заңға бағынбаушылық әрекеттердің басым бөлігі Бейнеу, Оазис және Сайөтес станцияларында кездесетін көрінеді. Соның ішінде Бейнеу станциясында жиірек. Осы жылғы тәртіп бұзушылықтардың 662-сі (2016 жылы - 657) сол станцияда, 45-і (2016 жыл - 43) Ақтау халықаралық әуежайында болған.
Шахида Жұман