Онкология - жүрек-қан тамырларынан болатын аурулар сынды өлімге әкелетін дерт. Бүгінде отандық дәрігерлердің алдында қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімді азайту, сондай-ақ ауруды мүмкіндігінше ерте анықтау міндеті тұр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінде 5,5 мыңнан астам онкология дерті бойынша есепте тұр. 2023 жылы облыста 1 043 қатерлі ісік ауруы анықталды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 16 пайызға артық. Белең алған дерт қатарында сүт безі обыры, жатыр мойыны обыры, асқазан-ішек ісігі бар – бұл анықталған жағдайлардың жартысынан көбі ғана. Өткен жылы диспансерде 4 700 адам емделген.
Науқастардың бірі – Ақтау қаласының тұрғыны Лариса Широченко. Оған аденокарцинома диагнозы қойылды. Емдеу өткен жылдың наурыз айында басталды, бар болғаны бір жылдың ішінде 8 химиотерапиялық курс, хирургия және оңалту емінен өтуге тура келді.
-Мұндағы медицина қызметкерлерінің көмегі көп тиді. Наурыздың 8-і күні қыздар бөлмені безендіріп, концерт ұйымдастырғанда таң қалдым, адамға осыншалық көңіл бөле білу - бұл да науқастарға қажет дүние. Мұнда тек химиотерапия бөлімінде емес, политерапия бөлімінде де болдым, сосын хирургия бөлімінде болдым, операциядан кейін қалпына келтіру бөліміне жіберілдім. Моторикаға арналған әртүрлі жаттығу құралдары да бар, менің диагнозым үшін оның бәрі маңызды, - дейді ол.
Қатерлі ісіктерді емдеу: Шетелге барудың қажеті жоқ
Ауруды ерте анықтау мақсатында орталықта ашық есік күндері өткізіледі. Тұрғындар тегін тексеруге шақырылады. Мысалы, 50 жастан асқан адамдар өкпенің қатерлі ісігіне тексерілу керек. Ал әйелдер 25-30 жастан бастап жыл сайын жатыр мойыны мен сүт безі обырына тексерілу керек дейді дәрігерлер.
Дәрігерлер бүкіл әлемде қатерлі ісіктерді емдеу бірыңғай хаттамалар бойынша жүргізілетінін атап өтті. Сондықтан шетелге шығудың еш қажеті жоқ. Дәл сондай жабдық қазақстандық емханаларда, атап айтқанда Маңғыстаудағы онкологиялық диспансерінде бар. Иммуноцитохимиялық, иммуногистохимиялық, гистологиялық, цитологиялық және клиникалық зерттеулер, маммография, КТ, МРТ зертханалары бар.
Қазіргі таңда облыстық онкологиялық диспансерде 413 адам жұмыс істейді, оның жартысынан көбі медбикелер, ал 115-і дәрігер.
-Біздегі мамандар Қазақстанның әр облысынан шақыртылды. Оларды тарту үшін барлық қаржылық жағдай жасалды, Алматы мен Астанадан, Ресейден келген мамандар бар. Профессорлар, медицина ғылымдарының кандидаттары бар, - дейді кадр және персоналды басқару бөлімінің меңгерушісі Ермек Қонаров.
Қазір ауруханада 5 дәрігер резидентурада, тағы 9 резидент оқуын аяқтауда – келесі жылы олар облыстық диспансерде жұмыс істей бастайды. Мұнда жас дәрігерлерге барлық жағдай жасалған. Солардың бірі – жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Талғат Аманжолов. Ол ұшақ бортындағы науқасты құтқарғаннан кейін танымал болды. Талғат Аманжолов бір жыл бұрын Қарағандыдан Ақтауға келген. Жас маманның жеке пәтері болмағандықтан, жалдау ақысының барлығын аурухана өз мойнына алды. Ол мұнда жаңадан келген дәрігерлерге тамаша жағдай жасалғанын атап өтті.
-Аурухана жаңадан ашылған болғандықтан, құрал-жабдықтар да жаңа. Мысалы, неміс желдеткіштері бар. Бұл жабдық заманауи, ол жоғары технологиялық және әртүрлі жұқпалы аурулар мен тыныс алу жеткіліксіздігінде өте пайдалы. Желдеткіш жабдығы ғана емес, төсек жанындағы мониторлар да жаңа, анестезияға арналған тыныс алу аппараты да жаңа. Негізінде жабдық жағынан біз Еуропадан кем емеспіз, - дейді реанимация және интенсивті терапия бөлімшесінің меңгерушісі Талғат Аманжолов.
Маңғыстау диспансерінде Қазақстанның ешбір емханасында жоқ құрал-жабдықтар бар. Мысалы, жатыр мойыны, эндометрия және қынап ісігіне шалдыққан науқастарға қуыс ішілік және контактілі сәулелік терапияны жүргізетін құрылғы бар, бұл - республикадағы жалғыз құрылғы. Жыл сайын одан 50 шақты науқас ем алады. Ал желілік үдеткіш пен сәулелік терапияға арналған жабдыққа науқастар тіпті көрші облыстардан да келеді. Айтпақшы, бұл облыстағы осындай жалғыз құрылғы. Онда жылына 300-ге жуық науқас емделеді. Бұрын мұндай ем алу үшін науқастар Алматыға немесе Астанаға арнайы баратын еді.
Қатерлі ісікпен күресуге болады. Ең бастысы - дәрігердің нұсқауын орындап, денсаулығына мән беру.