Бүкіл әлемде ЖИТС-ке қарсы күрес күні 1 желтоқсанда атап өтіледі. Осы шараға қатысушылар омырауларына қызыл лента тағып жүретінін көреміз. Мұның сыры неде? Қоғам назарын осы ауруға аудару мақсатына арналған шаралар қалай өтеді? Бұл сауалдардың жауабын ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығы АИТВ инфекциясының алдын-алу және оны эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің эпидемиолог дәрігері Гүлбану Жайлиевадан сұрағанбыз.
-1991 жылы американдық суретші Фрэнк Мур ЖИТС-на қарсы күресте адамдарды біріктіретін үміт символы ретінде қызыл лентаны ойлап тапты,-деді Гүлбану Николайқызы.-Фрэнк Мур сол жібек лентаны негізге алып, оған адам ауруының негізгі себебі жасырылған қанды еске түсіретін қызыл түс енгізді. Сол уақыттан бастап қызыл лента бүкіл әлемде АИТВ мен ЖИТС мәселесіне немқұрайлы қарамайтынын көрсету үшін қолданылады. Бүкіләлемдік ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу күні мамыр айының әр үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Ол алғаш рет АҚШ-та 1983 жылы Сан-Франциско қаласында ұйымдастырылған. Сол уақыттан бері бұл күн дүние жүзінде қайтыс болғандарды еске алу және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қолдау көрсету мақсатында атап өтіледі. Бұл күні АИТВ және ЖИТС проблемасына арналған теле-радио бағдарламалар, қайырымдылық концерттер, танымдық іс-шаралар, сурет көрмелері ұйымдастырылады. Ал бүкіләлемдік ЖИТС-ке қарсы күрес күні 1 желтоқсанда атап өтіледі. Алғаш рет бұл күн 1988 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) шешімімен АИТВ және ЖИТС мәселесіне қалың жұртшылықтың назарын аудару мақсатында атап өтілген болатын. Жылына 2 рет өткізілетін бұл шараларда халық міндетті түрде көкірек тұсына қызыл лента тағады.
ЮНЭЙДС ұсынған биылғы Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күнінің тақырыбы— «Теңсіздікті жою. ЖИТС-ті аяқтау. Пандемияны тоқтату». Осы жылдың 15-25 қараша аралығында науқан халық арасында, жастар арасында, яғни, колледждер мен университетте, ірі сауда орталықтарында, базарларда, емдеу мекемелерінде, әскери бөлімдерде, дене шынықтыру бөлімдерінің қызметкерлері арасында, түсіндірме жұмыстары, семинарлар, тренингтер, психологиялық-әлеуметтік кеңес беру және АИТВ-ға экспресс-тестілеу #УслышатьКаждого #Әрбірінтүсіну #toHearEveryone хэштегімен өткізіледі.
Орталықтың әлеуметтік желілерінде тұрғындар арасында арнайы байқаулар ұйымдастырылып, шарттарын дұрыс әрі белсенді орындаған тұрғындарға арнайы сыйлықтар таратылады. Сонымен қатар, мамандарымыз тікелей эфирде арнайы сұхбаттар арқылы тақырыпты және осы науқанды талқылайтын болады.
Маңғыстаулықтардың аталған шаралардан шет қалмай, белсенді түрде қатысуы олардың өздері үшін пайдалы. Қан арқылы жұғатын аурудың қыры мен сырын, алдын алу жолдарын меңгереді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА