Жуырда Маңғыстау облысына «Pfizer» вакцинасының алғашқы партиясы жеткізіледі. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асқар Сағымбаев мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша, қараша айының соңында Маңғыстауға «Pfizer» вакцинасы жеткізіледі. Енді балалар, жүкті және бала емізетін әйелдер коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациямен қамтамасыз етіледі.
«Бала емізетін аналар мен енді босанған әйелдер 42 күн өткен соң вакцинациялауға жатады. Өңірде екпенің бұл түрін сақтауға арналған мұздатқыштар сатып алынған», - деді Асқар Сағымбаев.
Баспасөз конференциясына Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев қатысты. Оның айтуынша, аймақта соңғы аптада коронавирус инфекциясы 52 адамнан анықталды. Оның 37-і шағыммен, 15-і шағымсыз.
«Соңғы аптада тіркелген 52 жағдайдың 9-ы науқастармен тығыз қарым-қатынаста болғандар, 33-і өз бетімен қаралғандар және 10-ы профилактикалық мақсатта анықталды. 52 жағдайды жас бойынша талдасақ 14 жасқа дейін 7 жағдай, 15-17 жас аралығында 1 жағдай, 18-19 жас 2, 20-29 жас 11, 30-39 жас 8, 40-49 жас-7, 50-59 жас- 8, 60 жас және одан жоғарылар 8. Өсім байқалып отыр. Өңір жасыл аймақта болғанымен босаңсуға болмайды», - деді Ғазиз Надуев.