Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асқар Сағымбаев айтты.
Облыс бойынша 7 инфекциялық стационар жұмыс істейді. Онда 285 төсек орын бар.
«Стационарларда 24 қыркүйек күні 141 науқас болса, қазір 43 адам ем алып жатыр. Ауырғандардың саны 2 есе төмендеді. Маңғыстау облысы жасыл аймақта болса да босаңсуға болмайды. Індеттің қаупін естен шығармаған абзал», - деді Асқар Сағымбаев. Спикердің айтуынша, медициналық ұйымдар дәрілік препараттар мен жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтылған. «Өңірдегі 54 жүрмелі бригада аэропорт, теміржол вокзалдары, ірі сауда орындары мен базарларда вакцина салу жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Барлық қажетті ресурс жұмылдырылып, жұмыс күшейтілген режимде жалғасуда», - деді Асқар Сағымбаев.