Әлем бойынша ЖИТС-ке қарсы күрес күні 1 желтоқсанда атап өтіледі. Алғаш рет бұл күн 1988 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) шешімімен АИТВ және ЖИТС мәселесіне жұртшылықтың назарын аудару мақсатында өткізілген. Содан бері бұл шараларға қатысушылар міндетті түрде көкірек тұсына қызыл лента тағады.
ЮНЭЙДС ұсынған биылғы Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күнінің ұраны «АИТВ: әрбірін түсіну», тақырыбы—«Теңсіздікті жою. ЖИТС-ті аяқтау. Пандемияны тоқтату». Бүкіләлемдік ЖИТС-ке қарсы күрес он күндігі аясында 15-25 қараша аралығында ішкі істер органдарында, пенитенциарлық мекемелерде, адамдардың көп шоғырланған жерлері—орталық базарларда, ірі сауда орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталығы мен вокзалдарда, медициналық мекемелерде, білім беру мекемелерінде АИТВ/ЖИТС проблемалары және алдын-алу шаралары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық білім материалдары таратылды. Аталған мекемелердің барлығында АИТВ инфекциясына ерікті түрде жедел-тест ұйымдастырылды.
ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығының базасында және қала, аудан емханаларында «Ашық есік күндері» өткізіліп, келушілерге мамандар тегін кеңес беріп, АИТВ инфекциясына тестілеу жүргізді.
Маңғыстау облысы ГМ 172/10 пенитенциарлық мекемесінде арнайы контингенттер арасында суреттер байқауы ұйымдастырылды. Байқауға арнайы контингенттердің 3 суреті қатысты. Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай сотталғандар салған плакаттар конкурсының қорытындысы бойынша грамоталар және сыйлықтармен марапатталды.
ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығы науқанды Ақтау қаласындағы «Ақтау» сауда ойын-сауық орталығында қорытындылады. Бұл күні орталық мамандары «Ақтауға» келушілерге АИТВ/ ЖИТС жайында ақпарат беріп, алдын алу шараларын түсіндірді. Шара барысында 27 адам шұғыл тест тапсырып, АИТВ жағдайын анықтады. Тест тапсырғандардың арасынан оң нәтиже болған жоқ. Науқанға 75 адам қатысып, олардың барлығына арнайы брошюралар мен қызыл түсті шарлар таратылды.
Ұйымшылдықпен өткен осы он күндіктің мақсаты–АИТВ/ЖИТС мәселелері бойынша алдын алу жұмысын жүргізу, халықтың бұл дерт жайында білім деңгейін арттыру арқылы жалпы халық арасында, оның ішінде жастар мен жасөспірімдер, халықтың негізгі топтары арасында АИТВ инфекциясының таралу қарқынын азайту.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА