Дәрігерлердің айтуынша, қызылшамен ауырып жазылған үлкен де, кіші де оны қайтадан жұқтыруы мүмкін. Осы айда 5 мыңнан астам балаға вакцина салынса, оның басым көпшілігі 6 айлық сәбилер, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
Негізі жаппай иммундау кезеңі 6 айлық балалардан басталады. Балалар бұл дертпен ауырмауы үшін екпе егу 1 жасқа жетпесе де мүмкін.
"Екпе жоспарлы түрде бір жастан алынатын. Ал енді бір жасқа дейінгі балалар да ауырып жатыр ғой, сол үшін жаңа туған нәрсетелерді 6 айдан бастап егіп жатырмыз. Қызылшаға қарсы вакцина алған кезде жүріп-тұруы немесе мүмкіндігі шектеулі балалар немесе аутизммен ауыратын балалар деп бөлмейміз",- деді ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев.
Мамандар, қызылшаның алғашқы белгісі дене қызуының көтерілуі екенін айтып жүр. Бірақ ата-ананың көбі мұны суық тиюмен шатастырып алатын көрінеді. Өйткені бұл инфекция алдымен адамның қызуын 4 күн көтеріп, содан кейін бөртпе түрінде шығады. Сондықтан ыстығы көтерілген баланы балабақша мен мектепке жібермей, бірден жедел-жәрдем шақыртуға кеңес береді.
Айта кетейік, жасы 18-ге толған азаматтар да емханадан қызылшаға қарсы екпе салдыра алады.