"СК-Фармация" бірыңғай дистрибьюторы мен Pfizer халықаралық биофармацевтикалық компаниясы арасындағы шарт аясында америкалық фармигант ел аумағында инновациялық вакцинаның келісімшарттық өндірісін қолға алды. Сонымен бірге 10 жыл ішінде Қазақстанға 20 валентті пневмококкты конъюгацияланған вакцинаны жеткізетін болады. Вакцинаны бірыңғай дистрибьютор сатып алады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан - Еуразияда Pfizer инновациялық вакцинаның келісімшарттық өндірісін жолға қоюды жоспарлап отырған алғашқы мемлекет.
Мемлекет басшысының Қазақстан нарығына фармацевтика саласының жаһандық алпауыттарды тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жергілікті өндірушілер базасында келісімшарттық өндірісті ұйымдастыруға дайындық, сондай-ақ тәжірибе алмасу және технологиялар трансфері бойынша ауқымды жұмыс жүргізілген.
Pfizer, Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігі арасындағы жобаны іске асыру жөніндегі Жол картасына биылғы ақпан айында қол қойылған болатын.
Сондай-ақ, Швейцариялық Roche компаниясы, "СК-Фармация" ЖШС Бірыңғай дистрибьюторы, "Нобель Алматы фармацевтикалық фабрикасы" АҚ (Нобель АФФ) және қазақстандық онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты (ҚазОРҒЗИ) арасында бірегей патенттелген дәрілік заттарды жеткізудің ұзақ мерзімді шартына да қол қойылып отыр.