Денсаулық сақтау вице-министрі – Мемлекеттік бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Ақтауда қандала уынан екі баланың қайтыс болуына байланысты пікір білдірді. Денсаулық сақтау министрлігі осындай қайғылы жайттарға жол бермес үшін дезинфекция қызметін көрсететін кәсіп иелерін жаппай лизензиялағалы жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап.
«Қазіргі кезде эпидемиологиялық тергеп-тексеру өткізіліп жатыр. Соның қорытындысы бойынша пәтер иесі дезинфекция жұмыстарын өз бетімен өткізіп, дезинфекция құралдарын базардан сатып алып, үйді улап, өз отбасын алып кеткен. Улы зат желдету жүйесімен көтеріліп, сол үйде тұрған көршілерінде осындай жағдай тіркелді. Қазір қылмыстық тергеу басталды», - деді бас санитар дәрігер.
Оның айтуынша, кейінгі 3-4 жылда зиянкестің уынан адамның қайтыс болуы бірнеше рет тіркелген. Сондықтан зиянкестерді улаумен айналысатын ұйымдардың қызметін лицензия арқылы реттеуді қайта күшіне енгізу көзделіп отыр.
«Биологиялық қауіпсіздік заңының аясында келесі жылдан бастап барлық дезинфекция, дератизация жұмыстары лицензиялаудан өтеді. Яғни, сондай жұмыстарды өткізу үшін лицензия алу керек болады. Бірақ бұл өте күрделі жағдай. Біздің азаматтарға беретін кеңесім, улау құралдарын сатып алған кезде мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі мен нұсқамасын сұрау керек. Нұсқамаға қарап қана осындай жұмыстарды өткізуге болады. Бірақ дезинфекция, дератизация жұмыстарын өткізетін мамандардың қызметіне жүгінген дұрыс. Өз бетімен үйде ондай жұмыстарды өткізбеу керек.
Бұған дейін зиянкестерді улау жұмыстарымен айналысатын ұйымдардың қызметі лицензиямен реттелмейтін. 2007 жылға дейін ондай реттеу болды, кейін алып тасталған. Кейінгі 3-4 жылда Ақтаудағы сияқты 3-4 жағдай болды. Сондықтан біз «Биологиялық қауіпсіздік туралы» Заң аясында осындай лицензиялауды кіргіземіз», - деді Айжан Есмағамбетова.
Еске салсақ, Ақтаудың 7 ш/а 14-үйінде қандала уынан көрші пәтердегі 2021, 2022 жылы туған балалар көз жұмды.
Зиянкесті улау шарасын талапқа сай өткізбеген пәтер иесі 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.