Ақтауда 7 шағынаудан 14 үйдің бірінде 2021 және 2022 жылы туған балалар уланып, қайтыс болды. Ал екі бала реанимация бөлімінде жатыр. Оқиға жайлы зардап шегушінің кіші әпкесі толығырақ айтып берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, төменгі қабаттағы көршісі жәндіктерден құтылу үшін пәтерін өздігінен улаған. Бірақ бұл жөнінде алдын ала көршілеріне ескертпей, кетіп қалған.
- Сол түні екі кішкентай бала құса бастады. Жедел жәрдем шақырылды, бірақ екі кішкентай бала тіл қатпастан қайтыс болған. Ал отбасындағы қалған 5 адам ауруханаға жеткізілді. Екі бала қазір облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде жатыр. Біреуінің жағдайы - ауыр. Дәрігерлер ештеңе айта алмай отыр, - деді зардап шегушінің тәтесі.
Сондай-ақ ол пәтерін улаған көршісін полиция қызметкерлері алып кеткенін айтты.
- Үйді жуып, тазаладық, сонда да иіс шығады. Бірақ балалардың жаназасын үйден шығарамыз, себебі осында туыс, өсті ғой. Жоқ, дәл осындай қайғылы жағдай бұған дейін де 2 шағынауданда, Маңғыстау ауылында болған еді. Неге көршілерге алдын ала ескертпеді екен, - деді зардап шегушінің кіші әпкесі Сәуле.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек ҚР ҚК 304-бабы 3-бөлігі бойынша Маңғыстау облысы ПД СДТТБТ-де тіркелді. Сараптама тағайындалды.