1990 жылы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданған, алайда мерекенің өзі тек 1995 жылы ел Президентінің Жарлығымен ұлттық болып жарияланды. 25 қазан Қазақстан азаматтары үшін тарихтың ескі кезеңі аяқталып, дамудың жаңа парағы басталғанын айқындайтын ерекше дата болды.
1995 жылы Қазақстанда екі маңызды референдум өтті. Бірінші референдумның нәтижесінде Тұңғыш Президенттің өкілеттігі бес жылға ұзартылды және республика президенттік басқару формасына көшті. Осы референдумға 7,9 миллион қазақстандық қатысты. Екінші референдумда ел Конституциясы қабылданды. Негізгі заң жобасы 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық дауысқа салынды.
Қазақстандықтардың 90 пайыздан астамы жаңа Конституцияны қолдап, дауыс берді. Сол жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.
1995 жыл Маңғыстау үшін де маңызды әрі есте қаларлық оқиғаларға толы. Мысалы, 1995 жылы «Арман» кен орнында алғашқы мұнай өндірілді. Сол жылдың соңына қарай кен орнынан алғашқы миллион баррель мұнай өндірілді. Ал 1992 жылы құрылған «Қарақұдықмұнай» мұнай компаниясы өңірде бірінші болып қазақ-американ кәсіпорны ретінде жұмыс істей бастады. 1995 жылы Ақтау-Аэропорт жаңа тас жолы (13 км) аяқталып, Маңғыстау-Ақтөбе теміржол қатынасы ашылды. Сонымен қатар 1995 жылы Ақтауда қала тарихындағы кәсіпқой боксшылардың алғашқы халықаралық кездесуі өтті.