Ақтаудағы 7ш/а 14 үйде қайғылы оқиға орын алған еді. Нәтижесінде 2 бала көз жұмып, 5 адам ауруханаға жеткізілген. Оның 2-і — бала. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі балалардың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Дәрігердің айтуынша, 21 қазан сағат 9:20 шамасында жедел жәрдем қызметі белгісіз затпен улану белгілерімен 2015 жылғы қыз бала мен 2017 жылғы ұл баланы алып келген.
- Жедел жәрдеммен келген 2 науқас та қызыл аймақта қабылдау бөлімінде қабылданды. 2015 жылғы қыз баланың жағдайы орташа ауырлықта екені анықталғаннан кейін педиатрия бөліміне жатқызылды. Ал 2017 жылы туылған ұл баланың жағдайы өте ауыр болуына байланысты реанимация бөліміне жатқызылған еді. Науқастарды алып келген сәтте интоксикация белгілері мен гиповолемиялық шок анықталды. Екі баланың да есі – енжар және жағдайлары ауыр болды. Кейін балалардың неден уланғанын білгеннен кейін, балаларға антидот салып, дезинтоксикациялық терапия жүргіздік,- деді Маңғыстау Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі М. Бекбаев.
Ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген ұл баланың жағдайы қазір – тұрақты, орташа ауыр. Аурухана мамандарының айтуынша, бүгін консилиум ұйымдастырылып, науқасты жалпы бөлімшеге ауыстыру жоспарланған. Ал қыз баланың жағдайы - тұрақты, бір қалыпты.